АЛМАТЫ, 23 наурыз – Sputnik. Еліміздің астанасы мен Алматы қалаларында толық оқшаулауды қамтамасыз ету, қалаға жаяу кіру мүмкіндігін шектеу маңызды шара болып отыр. Сонымен қатар жақын арада басқа да ірі елді мекендерді жабу қажеттілігі анықталады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында айтты, деп хабарлайды Ақорда.
"Қазір әлемде қатаң карантин режимін тым кеш енгізген елдерде ауру көп тіркеліп отыр. Инфекцияның көшкін тәрізді таралуын болдырмас үшін оқшаулау шараларын күшейту қажет. Басқа елден келіп түскен ақпаратты ескере отырып, медициналық жүйені кез келген жағдайға дайындауды жалғастыру керек. Қолымыздан келгенді жасадық деп отыруға болмайды", - деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент карантиндегі адамдарға қойылатын талапты бұзғаны үшін жаза енгізу қажет екенін айтты.
"Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін менің жарлығыммен адамдар көп жиналатын нысандардың қызметі шектелді, әртүрлі іс-шара өткізуге тыйым салынды. Алайда бұл тыйымның жиі бұзылғанын көріп отырмын", - деді президент.
Он алтыншы наурыздан бастап төтенше жағдай режимін бұзған 18 оқиға тіркелген.
"Олар Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында болған. Кінәлі тұлғалар ескерту немесе айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қатаң санкцияларға көшу, сондай-ақ, осы фактілерді бұқаралық ақпарат құралдарында алдын алу мақсатында кеңінен жариялау керек", - деді Тоқаев.
Тағы оқыңыз: Тоқаев 55 жастан асқан адамдардың үйде отыруын қамтамасыз етуді тапсырды
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус 61 адамнантабылды. Алматы қаласында 26 адам, Нұр-Сұлтанда 31 адам, Қарағанды каласында 2 адам, Алматы облысында 1 адам, Ақтобе облысында 1 адам коронавирус жұқтырды.