Қоғам

Алматыда блок-бекетте екі адамның дене қызуы көтерілгені анықталды

Қазірі кезде барлық блок-бекет күні-түні үздіксіз істеп тұр. Осыған орай,  дезинфекциялық жұмыстар да тұрақты жүргізілуде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз – Sputnik. Алматыда блок-бекетте екі адамның дене қызуы көтерілгені анықталды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

"Өткен түнде қалаға кірген 23 475 адам, қаладан шыққан 13 893 адам, сондай-ақ, 11 529 автокөлік жүргізушісі термометриядан өткізілді. Нәтижесінде, дене қызуы көтерілген 2 адам тіркелді. Оның біреуі Алматы облысының тұрғыны, Алатау ауданының №3 блок-бекетінде анықталды. Жедел жәрдем бригадасы дәрігер-мамандарының тексерісінен соң, оған катаральді ангина диагнозы қойылды", - делінген хабарламада.

Ол қалаға кіргізілген жоқ, тұрғылықты жері бойынша тіркелген Іле ауданының емханасына жіберілген. Ал екінші адам Алатау ауданының тұрғыны. Ол Жетісу ауданындағы №8 блок-бекетте тоқтатылды.

"Медициналық жедел жәрдем бригадасының шақыруы бойынша ол азамат та жан-жақты тексеріліп, қала ауруханасына жатқызылды", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Алматыны қай жолдар арқылы айналып өтуге болады - карта әзірленді

Айта кетейік, 19 наурыздан бастап енгізілген карантинге және санитарлық шаралардың күшейтілуіне байланысты Алматы қаласына көліктердің кіріп-шығуын шектейтін 27 блок-бекет қойылған. 22 наурыздан бастап блок-бекеттердің жұмысы қатаң режимге көшті. Яғни, Алматыдан ешкім шыға алмайды, сәйкесінше қалаға ешкім де кірмейді. 27 блок-бекеттің 21-іне 81 санитарлық дәрігер тартылған.

"Барлық блок-бекет тепловизорлармен, жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Ыстық тамақ та ұйымдастырылған", – деді Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсел Қалықова.

Блок-бекеттер күні-түні үздіксіз істеп тұр. Сонымен қатар, бұл жерде дезинфекциялық жұмыстар да тұрақты жүргізілуде.