НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз — Sputnik. Ақтөбеде коронавирус жұқтырған әйелмен байланыста болған 68 адам карантинге жабылды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақтөбеде коронавирус жұқтырған әйел 22 наурыз күні таңертең Мәскеуден ұшып келген. Дәрігерлер оның жағдайын бірқалыпты деп бағалап отыр.
"Ұшақта 57 жолаушы болған. Бәрінен тест алынды. Олардың жағдайы да тұрақты", - деді Қалиев брифингте.
Оның хабарлауынша, науқаспен байланыста болған барлығы 68 адам оқшауланды. Тағы 38 адам үй жағдайындағы карантинде жатыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда барлығы 60 науқас тіркелді. Алматы қаласында 24 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 31 адам, Қарағанды каласында 2 адам, Алматы облысында 1 адам, Ақтөбе облысында 1 адам коронавирус жұқтырды.
Қазақстанда 16 наурыздан бір айға төтенше жағдай режимі енгізілді, ал 19 наурыздан Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылды.