Қоғам

"Бұл әзіл емес": Тоқаев үкіметке тапсырма берді

Президенттің айтуынша, қағаз жүзінде медициналық маскалар жеткілікті, бірақ халық дәріханалардан бетперде таппай шағымданып жатыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 21 наурыз –Sputnik. Президент үкіметке халықты медициналық бетпердемен жедел қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.

"Бізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперделердің жетіспейтінін атап айтқым келеді. Бірақ қағаз жүзінде бәрі жеткілікті. Бір жағынан халық дәріханаларда бетперделердің әлі де жоқ екенін айтып шағымданып жатыр. Неге? Бұл алып-сатарлық жасау деп ойлаймын", - деді Тоқаев пандемияға қарсы еліміздегі күрес жұмыстарын үйлестіретін шұғыл әрекет ету орталығының жұмысымен танысу барысында.

Сонымен қатар президент отандық медицинаны, соның ішінде, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті және медицина ғылымын дамытуға баса мән беру керек екенін айтты.

"Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар, президент барлық медицина қызметкеріне коронавирус пандемиясына қарсы күреске қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.