АЛМАТЫ, 21 наурыз – Sputnik. Коронавирустың бұдан әрі таралуына жол бермеу үшін 21 наурыздан бастап Алматыдағы барлық саябақ уақытша жабылады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Коронавирус инфекциясының бұдан әрі таралуының алдын алу мақсатында 2020 жылдың 21 наурызынан бастап Алматы қаласындағы барлық ұлттық саябақ уақытша жабылады", - делінген ақпаратта.
Әкімдік алматылықтарды карантин кезінде адам көп жиналатын мына орындарға бармауға шақырды:
- Тұңғыш президент саябағы;
- Орталық мәдениет және демалыс саябағы;
- 28 панфиловшылар саябағы;
- Family Park, Ботаникалық бақ;
- "Қиял әлемі"саябағы;
- Алматы зообағы;
- Алма-Арасан және тағы басқа.
Айта кетейік, бұған дейін қаладағы Медеу, Шымбұлақ, Көктөбе және өзге де туристік ұйымдардың қызметі тоқтаған болатын.
Сонымен қатар 21 наурыздан бастап Алматыдағы валюта айырбастау пункттерінің уақыты шектеледі.
"2020 жылдың 21 наурызынан бастап 25 наурызына дейін барлық, оның ішінде екінші деңгейлі банктердегі айырбастау пункттері 10.00-ден 16.00-ге дейінгі жұмыс режиміне ауысады",- деді әкімдіктегілер.
Айта кетейік, Алматы қаласы штабы жанынан Open Almaty байланыс орталығында бүгіннен бастап психологтар жұмыс істейді. Тұрғындар 1308 нөміріне хабарласып, медицина мекемелерінің мамандарынан кеңес ала алады. Орталық таңғы сегізден түнге дейін жұмыс істейді.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 52 адамға жетті. Алматы қаласында – 22 адам, Нұр-Сұлтан қаласында – 28 адам, Қарағанды қаласында – 2 адам.