Қоғам

Қытаймен шекарадағы әскери техниканың не үшін шығарылғаны белгілі болды – видео

Шығыс Қазақстандағы Аягөз гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірі толық дайындық деңгейіне шығарылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Қорғаныс министрлігі Қытаймен шекарада орналасқан Аягөз қаласына жақын жерге әскери техниканы не үшін жинағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"2020 жылдың 18 наурызында бұған дейін бекітілген әскери дайындықты тексеру жоспары бойынша Аягөз гарнизонына қарасты бөлімдердің бірі толық әскери дайындық деңгейіне шығарылғанын хабарлаймыз. Барлық техника ақаусыз белгіленген уақытта шықты", - делінген ресми хабарламада.

Әскерилер мен техниканың дайындығы жоғары деңгейде болған. Алайда марш жасамауға шешім қабылданыпты. Екі сағаттан кейін техника әскери бөлімге қайтарылған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның қорғаныс министрі әскери бөлімдерді дабыл бойынша көтерді 

"Бұның барлығы қарулы күштердің арасында коронавирустың таралуына қарсы шаралар аясында ұйымдастырылды және тексерістің соңғы кезеңі болды. Бүгіннен бастап Қазақстан қарулы күштері бас штабының нұсқауымен әскери бөлімнен тыс жерде тексерістердің бәрі тоқтатылды. Осы орайда қарулы күштер жылына орташа есеппен жүзден астам әскери дайындық тексерістерін өткізетінін атап өткен жөн", - дейді әскерилер.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әскери техниканың жиналып тұрған видеосы тараған болатын. Видеода "Соғыс басталды" деген дауыс естіледі.