АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. Түркістан облысының шекарасына блок бекеттер қойылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"19 наурыз сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. Соған сәйкес көпшілік оңтүстікке ағылып жатыр. Облыстағы полиция мен медицина қызметкерлері күшейтілген режимге көшті. Мамандар әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуын өлшеп, тексерістен өткізіп жатыр", - делінген ақпаратта.
Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер Covid-19 жұқтырған адамды қалай анықтағанын айтып берді
Облыста екі блок бекет орнатылған. Бірі Алматы-Шымкент тас жолында, екіншісі Түркістан-Қызылорда бағытына қойылған.
"Алматы және Қызылорда бағытындағы шекара аймағында қойылған "Шақпақ", "Сауран" блок бекетінде кіріп-шығып жатқан әрбір автокөлік пен жолаушы арнайы тексеруден өтеді. Блок бекет 24 сағат жұмыс істеп тұр", - деді әкімдіктегілер.
Шымкент-Алматы тасжолы бойындағы "Шақпақ" бекетінде бір тәулікте 400-ге жуық көлік тексерістен өткен.
"Сауран" бекетінде таңғы тоғыздан түскі бірге дейін 200-ге жуық көлік тексерілді", - делінген ақпаратта.
Коронавирус эпидемиясы
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 44 адамға жетті, Алматы қаласында – 19 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 25 адам тіркелді.
Айта кетейік, бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирусқа байланысты отыз күндік карантин енгізілді. 22 наурызға дейін қалаға әуе және темір жол арқылы кіруге және шығуға болады. Ал мейрам күні сағат 00:00-ден бастап барлық қатынас тоқтатылады. Екі қалаға көлік те, ұшақ та, пойыз да кірмейді.