НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз — Sputnik. Қазақстанға келген Ресей азаматынан коронавирус анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
"Ол 1979 жылы туған Ресей азаматы, 15 наурызда Мәскеу-Алматы рейсімен келген. Қазіргі уақытта стационарда ем қабылдап жатыр, жағдай қанағаттанарлық", - деді министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Коронавирус эпидемиясы
11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялады. Әлемнің 150-ден астам еліндегі 160 мыңнан астам адам бұл ауруды жұқтырды. Олардың көпшілігі сауықты, алты мыңнан астамы қайтыс болды.
Қазақстанда пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланды. Жұмысшылардың көпшілігі қашықтан жұмыс істеу форматына көшуде. Сауда, ойын-сауық орталықтары, спорт және басқа да нысандар жабылып, барлық қоғамдық шаралар тоқтатылды.
19 наурыздан бастап Алматы мен астана карантинге жабылды.