НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин билік транзитіне бір жыл толуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Саясаттанушы өзінің Telegram арнасында тура бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттілігін өз еркімен тоқтатқаны жайында айта келе, оның осы қызметтен саяси беделі шыңына жеткен кезде кеткенін ерекше атап өтті.
"Соған қарамастан, Тұңғыш президент кезекті рет жауапты саясаткер екенін көрсете білді. Бір жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мандатты өз еркімен тапсыруы көпшілік күтпеген шешім болды. Алайда бүгінде барлығы оның қаншалықты көреген шешім болғанын түсініп отыр. Қиындыққа қарамастан, ол мемлекетті трансформацияға дайындай білді, билік транзитінің жеңіл өтуін қамтамасыз етті. Нәтижесінде 2019 жылы 9 маусымда қазақстандықтар осы бағыттың жалғасы үшін дауыс берді", - деп жазды Карин.
Оның пікірінше, сайлаудан кейін Қазақстан тарихында жаңа саяси күнтізбенің парағы ашылды. Соңғы бір жылда біраз өзгеріс болды, барлығына оңай соққан жоқ. Ал жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы бағытты жалғастырып, жаңа міндеттерді шешуге кірісті.
"Дағдарыс болуы мүмкін": Назарбаев неге алаңдап жүргенін айтты
"Мемлекеттің жаңа сын-қатерлерді қалайша еңсергеніне қарап, Тұңғыш президенттің мықты әрі берік мемлекеттік қағидаларды салып кеткенін көруге болады. Қазірдің өзінде барша әлем пандемиямен күресіп жатқанда сан алуан мемлекеттерде төтенше жағдай енгізілуде, шекара жабылуда. Осындай жағдайда Қазақстанның билігі шұғыл және алдын ала әрекет ете алатынын көрсетіп отыр", - деп толықтырды Қарин.
Президенттің кеңесшісі мемлекеттік машина үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
"Дәл осындай кезде мемлекеттің әбден қалыптасып, маңызды міндеттерді шеше алатынын түсінеді екенсің", - деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында президенттік өкілеттігін тоқтатты. 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кірісті.
Президенттің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында болды. Тоқаев қазақстандықтардың 70,96% дауысын жинады. Бір жылдағы екінші инаугурация 2019 жылдың 12 маусымында өтті.