Қоғам

"Сынақтан абыроймен өтеміз": Назарбаев өз қорынан 200 млн теңге бөлді

Қаражат Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдіктері арасында тең бөлінеді, ақшаның бір бөлігіне медициналық маскалар мен дезинфекциялық құралдар сатып алынады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы қорынан коронавирустың таралуына қарсы іс-қимылға 200 миллион теңге бөлуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, ақша Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен бөлініп отыр.

"Бүгінде Қазақстанда эпидемияға қарсы шаралар толық көлемде жүргізіліп жатыр. Олар дер кезінде қабылданды және қазіргі жағдайға сай. Мемлекет теңдессіз шараларды қолға алды. Қауіпті инфекциямен күреске отандық бизнес те атсалысып жатыр. Мен қоғамның ұйымшылдығын көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытып, осы бастаманы қолдауға шақырамын. Біз бұл сынақтан абыроймен өтеміз. Біз біргеміз!", - делінген Елбасының тапсырмасында.

Қаражат Нұр-Сұлтан мен Алматының әкімдіктері арасында тең бөлінеді.

Қаржылай көмек медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге, қосымша медициналық маскалар мен дезинфекциялық құралдар сатып алуға жұмсалады. Сонымен бірге, ақшаның бір бөлігі елорданың мамандандырылған ауруханалары мен балалар үйлерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Тағы оқыңыз: Алматының вокзалдары мен әуежайындағы жағдай жұртты дүрліктірді

Бұдан бөлек, қор басшылығы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 50 мың маска берді.

18 наурыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамды құрап отыр. Оның он сегізі – Нұр-Сұлтанда, он жетісі – Алматы қаласында.

Эпидемияның басқа өңірлерге таралуына жол бермеу үшін екі қала да 19 наурыздан бастап карантинге жабылады.

16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды, режим отыз күнге созылады.