Қоғам

Алматы вокзалында дүрбелең: қаладан кімдер кетіп жатыр – фото

Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғалы бері Алматыны тастап кеткісі келетіндердің саны күрт өсті. Студенттер сөмкесін арқалап, үйлеріне асығуда – енді олар қашықтан оқиды. Билет бағасы шарықтап кеткен, қаладан шығып жатқан автобустар жолаушыға лық толы
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Алматыда коронавирус табылған күннен бері қаладан кетіп жатқандар көбейген. Карантин туралы хабар да алматылықтардың үрейін алды. Sputnik Қазақстан жолаушыларды басқа қалаларға таситын жүргізушілердің жұмысы қалай өзгергенін білу үшін "Сайран" автовокзалы тасымалдау қызметінің басшысы Ерлан Әбілдаевпен тілдесіп қайтты.

Дүрбелең жоқ емес, бар

Алматыдағы ірі автовокзал әкімшілігі өкілінің сөзіне сенсек, шаһар халқы 13 наурыздан бастап дүрліге бастаған.

Алматы вокзалында дүрбелең: қаладан кімдер кетіп жатыр – фото

"Студенттер үйден оқиды, 16 наурыздан бастап бәрі демалады дегеннен бері ел дүрлігіп жатыр. 13 наурыздың өзінде бізде тек Қызылордаға қатынайтын қосымша он бір автобус болды. Салыстырмалы түрде айтсақ: әдетте бұл қалаға екі автобус шығады. Бұл барлығы елу адам. Ал қыста тәулігіне бір автобус қана шығарамыз. 14 наурызда қосымша 18 автобус, 15 наурызда он жеті көлік тасыды. Сол күннен бері толастамай жатыр: он бес – жиырма автобус жүреді",-деді Ерлан Әбілдаев.

Оның айтуынша, қаладан кетіп жатқандар, негізінен, студенттер мен барахолка, базардағы сатушылар.

Билет бағасы қаншаға өсті

Әбілдаевтың айтуынша, сұранысқа ие бағыттар бойынша билет құны шамамен 20-30 процентке артқан. Негізінен, бұл Қазақстанның оңтүстігі. Алайда ол жүргізушілердің төтенше жағдайды пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келетінінен емес. Жолақының қымбаттауына қисынды себептер бар деп сендірді ол.

Тағы оқыңыз: Алматы облысының тұрғындары қаладағы жұмысына бара ала ма?

"Әрине, тасымалдаушылар біз сұратқан автобустарды жіберіп жатыр. Бірақ бағаны көтеруді сұрайды, өйткені Алматыға бос келеді. Сондықтан 20-30  процентке өсіріп отырмыз. Әйтпесе жүргізушілер келіспейді. Егер ол Қызылордадан бос шықса, бұл шамамен 1 200 шақырым жол, бір бағытқа жұмсалатын солярканың өзіне 60-70 мың теңге керек. Бұдан бөлек, жүргізушілер тамақтанады, түнейді. Кей кезде автобусты жөндеу керек болып қалады",- деп түсіндірді Әбілдаев.

Басқа да проблемалар

Ол қазіргі жағдайда тасымалдаушылар тағы бір проблемамен бетпе-бет келгенін атап өтті. Жүргізушілер әр рейс алдында автобустың іші-сыртын өздері тазалауға мәжбүр, өйткені "Сайран" автовокзалының аумағында көлік жуатын орын баяғыдан жоқ.

Алматы вокзалында дүрбелең: қаладан кімдер кетіп жатыр – фото

"Олар біздің қалаға салонды өңдейтін құрал-жабдығымен кіруі тиіс. Бізде қазір талап осындай. Бұрын бізде көлік жуатын орын болатын, бірақ қала әкімдігінің нұсқауымен сүрілді. Біз қазір автовокзал аумағында көлік жуатын орынды аша алмай отырмыз", -деді әкімшілік өкілі.

Соңғы мүмкіндік

Ерлан Әбілдаевтың сөзінше, 18 наурыз таңнан бері, Алматыда ерекше дүрбелең басталды. Десе де, дәл қазір автовокзал әкімшілігі қаладан кеткісі келетіндерді таситын көліктерді тауып қойды.

"Қанша автобус қажет болса, сонша таптық. Бұл 25-30 шақты үлкен автобус және дәл осынша шағын автобус. Бұл барлық бағыт бойынша. Негізінен, елдің оңтүстігі: Тараз, Шымкент, Түркістан және Қызылорда облыстарына қатынайды. Қала мағындағы елді мекендерге кесте бойынша жүреді. Жеткілікті", - деді ол.

Алматы тұрғындары қаладан кетуге асығар емес

"Саяхат" автовокзалының маңында көрініс сол баяғы, өзгеріс жоқ. Қала маңына таситын жекеменшік такси жүргізушілерінің тұрағында қаптаған халықты көрмейсің. Алайда үлкен сөмке мен шабадандарын сүйреткен жолаушылар да жоқ емес.

Бұл маңнан кез келген жолаушы қалаған жеріне кете алады: тек қалтаң қалың болса болғаны.

Мәселен, Талғарға (Алматыдан 33 шақырым) жолақы 200-300 теңге тұрады. Минивэнмен Есік ( 74 шақырым), Маловодное (82 шақырым), Шілік (125 шақырым) елді мекендеріне 300, 500 және 700 теңге төлеп бара аласыз. Ал егер жолшыбай көлік тапсаңыз, тегін жетіп қалуыңыз да мүмкін.

"Бағаны әдеттегідей, көтерген жоқпыз. Бәрі сол қалпы. Талғар бір адамға – 200, Есік - 300, Маловодное - 500 теңге. Бірақ, жолаушылардың жүгі көп", - дейді Сақтаған есімді жеке тасымалдаушы.

Үлкен сөмке мен шабадан сүйреген жолаушыларды біздің де көзіміз шалды. Дені Алматы маңындағы ауылдардың тұрғындары екен.

"Үйге, жақындарыма бара жатырмын",- дейді құрбысымен бірге таксиге отырған бойжеткен.

Ал таксистер қас қарая қаладан кетем деушілер саны артатынына сенімді. Сол себепті көлігін толтыру үшін жолаушы күтіп ұзақ тұрмайды, әрі-бері бірнеше рейс жасап үлгергісі келеді.