НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Қазақстан астанасы мен Алматы қаласы 19 наурыздан бастап карантинге жабылады.
Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуына жол бермес үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.
Осыған сәйкес, 19 наурызда сағат 00:00-ден бастап екі мегаполисте карантин жарияланады.
Бұдан бөлек, адамдардың қозғалысы, көліктердің кіріп-шығуы шектеледі. Қоғамдық көлік қозғалысы күндізгі уақытта тоқтап немесе шектелуі мүмкін, я болмаса түнде мүлде қатынамайды.
Азық-түлікке жатпайтын тауар базарларын, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс режимі қайта ұйымдастырылады.
Тағы оқыңыз: Үйден жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалақысы өзгере ме – министр жауабы
Сонымен бірге, карантин аймағының периметрін белгіленіп, кіру-шығу пунктері анықталады.
Арнайы емдеу мекемелері үш санат – вирус жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер мен карантинге алынғандар бойынша үздіксіз жұмыс істейді.
Қоғамдық тамақтану орындары "клиентке дейін жеткізу" қағидаты бойынша жаңа жұмыс режиміне ауысады.
Халықтың азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықталады.
Соңғы дерекке сәйкес, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 32-ге жетті. Нұр-Сұлтанда - 17 адам, Алматы қаласында - 15 адам.
Қазақстанда 16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол отыз күнге созылады.