Қоғам

Карантин кезінде Нұр-Сұлтан мен Алматыға кімдер кіре алады

Республика бойынша төтенше жағдай жарияланғаннан кейін ішкі істер министрлігінің жеке құрамы күшейтілген режимге көшірілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Нұр-Сұлтан мен Алматыға карантин кезінде кімдер кіре алатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде екі қаланың басшылығы карантиндік аймақтың периметрін анықтап жатыр. Осы аймаққа кіру және шығу бекеттері болады. Бұдан бөлек, белгілі бір секторларда адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылып, азық-түлікті тиімді жеткізу жолдары анықталады.

Оның сөзіне қарағанда, министрлік өз кезегінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатады.

"Нұр-Сұлтан мен Алматыға тұрғылықты жері бойынша тіркеуі бар азаматтар ғана кіре алады. Сондай-ақ, халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге атсалысатын мамандарға кіруге рұқсат болады. Олардың тізімін әкімдіктер әзірлейді. Ал азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлар үшін жол ашық болады", - деп атап көрсетті Тұрғымбаев брифингте. 

Жалпы, республика бойынша төтенше жағдай жарияланғаннан кейін ішкі істер министрлігінің жеке құрамы күшейтілген режимге көшірілді. Патрульдердің саны көбейді. Қоғамдық тәртіпті сақтауға 8 мыңнан астам полицей және 4 мыңнан астам ұлттық ұланның сарбазы шықты. Мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандар қатаң бақылауға алынды.

Алматы мен Нұр-Сұлтан карантинге жабылады

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 32-ге жетті. Нұр-Сұлтанда - 17 адам, Алматы қаласында - 15 адам.

16 наурызда президенттің жарлығымен Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілген еді. Ол бір айға созылады.