АЛМАТЫ, 16 наурыз – Sputnik. Қазір шетелде Қазақстанның 4 556 азаматы демалыста жүр. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуныша, Египетте – 2 246, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 573, Тайландта – 466, Үндістанда – 216, Мальдив аралдарында – 244 қазақстандық бар.
"Азаматтарымызды елге қайтару бойынша шаралар қабылданады. Ұшақтармен қамтамасыз ететін "AirAstana", "Scat" әуе компаниясымен техникалық және қаржы мәселелері талқыланып жатыр", - деді вице-министр.
Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде 5 526 адам сапарынан бас тартады. Жалпы сомасы - 2,7 миллиард теңге.
"Туризмге келер болсақ, бұл саланың жағдайы оңай емес. Туристік операторлар Қазақстан азаматтарының шетелге шығуына тыйым салынуына байланысты шығын көріп жатыр", - деді Бисақаев.
Сондай-ақ, төтенше жағдай енгізілуіне байланысты спортшылардың шетелге шығуы толық тоқтатылды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің сабақтары, фитнес және жаттығу залдарының жұмысы тоқтады.
"Олимпиада ойындарына қатысу туралы лицензияланған көптеген турнир кейінге қалдырылды. Шетелдегі спортшыларымызды елге қайтарып жатырмыз. Қазақстан аумағында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу жұмыстары пысықталып жатыр. Себебі Жапонияда өтетін 2020 жылдың жазғы олимпиада ойындарын өткізу туралы мәселе әлі талқылануда. Сондықтан спортшыларға формаларын сақтау мақсатында дайындықты тоқтатпау туралы шешім қабылданды", - деді вице-министр.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде Қазақстан аумағында және шетелге жоспарланған гастрольдік сапарлар, концерт, форум, қойылым мен семинар, конференциялар толығымен тоқтатылды.
Кітапхана, мұражай, тарихи-мәдени мұра нысандарына бару тоқтайтын болды. Балалар музыка мектебі, би және бейнелеу өнері секілді қосымша білім беру ұйымдарының жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Тағы оқыңыз: Министр коронавирус салдарынан жұмыссыз қалған адамдарға не істеу керектігін айтты
13 наурызда Қазақстанда коронавирустың алғашқы жағдайы тіркелді. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны – он адам, екеуі – Нұр-Сұлтан қаласында, сегіз адам – Алматыда. Арасында 2008 жылы туған бала бар.