АЛМАТЫ, 16 наурыз – Sputnik. Димаш Құдайберген коронавирустың әлемде кең таралуына байланысты "Арнау" гастрольдік сапарын кейінге қалдырды. Бұл туралы әнші Instagram парақшасында хабарлады.
Әншінің айтуынша, коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында Прага, Гамбург, Дюссельдорф, Штутгарт және Минск қалаларындағы концерттер тоқтатылып, басқа уақытқа жоспарланып отыр.
"Arnau Tour" әлемдік туры аясындағы концерттер кейінге қалдырылғанын өкінішпен хабарлаймын. Коронавирус инфекциясының алдын алуға байланысты Прага, Гамбург, Дюссельдорф, Штутгарт жәнеМинск қалаларындағы концерттерім тоқтатылып, басқа уақытқа жоспарланып отыр. Қабылдаушы тараптармен келісіліп, концертердің өтетін күні анықталған соң, алдын ала жарияланады",- деп жазды Димаш Құдайберен.
Сондай-ақ, әнші тыңдармандарын денсаулығына мұқият қарап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
"Сіздің маған деген құрмет-ықыласыңызды жоғары бағалаймын және сіз де мен сияқты концерттерді асыға күткеніңізді білемін. Бірақ дәл қазіргідей қиын кезеңде біз ең алдымен денсаулығымызды қадағалап, барлық қажетті қауіпсіздік шараларын сақтауымыз керек. Жақын арада денсаулықтарыңыз мықты, көңіл-күйлеріңіз керемет болатынына сенімдіміз. Басымыз аман, бауырымыз бүтін, төрт құбыламыз тең болсын!", - деп жазды әнші.
"Өзгеріп кеткен": Димашпен суретке түскен Иманғали Тасмағамбетовті жұрт танымай қалды
Айта кетейік, ARNAU TOUR 2020 үлкен гастролі аясында әнші 16 ақпаннан 4 сәуірге дейін Еуропада 11 концерт беруі керек еді. Ол Ресейдің Краснодар, Қазан, Екатеринбург және Мәскеу қаласында өтті. Сонымен қатар Рига мен Киевте өнер көрсетті.