НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз - Sputnik. Коронавирус жұқтырған адамның кейпіне еніп, метрода жолаушылардың зәресін ұшырған Алматы тұрғыны 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Өзінің бұл әрекетін ол видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады.
Алматының полиция департаментінің баспасөз қызметі 23 жастағы пранкердің "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 10 тәулікке қамауға алынғанын хабарлады.
"Қазіргі күрделі жағдайда Х. есімді азаматтың әрекеті нағыз бейбастық. Хайп үшін барлық адамгершілік және этикалық нормаға қолды бір-ақ сілтеген жігітті полиция "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты", - деді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алматы тұрғыны сот процесі басталмас бұрын азаматтардан кешірім сұраған.
Айта кетсек, Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев коронавирус туралы фейк ақпарат таратқан арандатушылар жазаланатынын мәлімдеген еді.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны – алты адам, екеуі – Нұр-Сұлтан қаласында, төрт адам – Алматыда. Олардың барлығы шетелден ұшақпен ұшып келген.
Тағы бір қазақстандық Германияда емделіп жатыр, оның қазақстандық дипломаттардың бірінің әкесі екені белгілі.
Тағы оқыңыз: Алматыда анықталған төртінші науқастың ұлынан коронавирус табылған