НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов коронавирустың таралуына байланысты қандай өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырған қазақстандықпен бірге ұшып келген блогер жазба жариялады
Министрдің айтуынша, әзірге балабақшалардың жұмысы тоқтатылмайды. Алайда ата-аналардың мүмкіндігіне қарай балабақшаға бармауға ұсыныс жасалып отыр. Баланы үйде алып қалса, балабақшадағы орны сақтала береді.
"Келесі мәселе, қосымша білім беру ұйымдары, олар – балалар сарайы, музыка мен өнер мектептері. Осындай ұйымдар көп. Оған балалар көп барады және жан-жақтан келеді. Ондайда инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан біз осы білім беру ұйымдарының жұмысын 5 сәуірге дейін тоқтаттық", - деді Аймағамбетов астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Министр 16 наурыздан бастап мектеп оқушыларының демалысқа шығатынын еске салды.
"Бірақ ол кезде мұғалімдер жұмысқа барып, әдістемелік шаралармен айналысады. Осыған байланысты бұйрыққа өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, демалыс кезінде мұғалімдер әдістемелік жұмыстарын үйде отырып, істей алады. Жалақы сақтала береді", - деп түсіндірді Аймағамбетов.
Айта кетейік, Қазақстанда алты адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың таралуына байланысты оқушылар 2020 жылдың 16 наурызы мен 5 сәуірі аралығында каникулда болатынын, ал 16 наурыздан бастап колледж бен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқытуға көшетінін жариялады.