НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа шалдыққан қазақстандықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мен ол адамдардың жеке мәліметтерін айта алмаймын. Ол - заңның талабы. Біреуі - ер адам, екіншісі - әйел. Екеуі де Германиядан келген. Біріншісі 9 наурызда ұшып келген. Ал екінші пациент Қазақстанға 12-сінде, яғни кеше кешке қарай, негізі, бүгін түнде келді деуге болады", - деді Біртанов арнайы баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 9 наурызда ұшып келген борттағы барлық жолаушы анықталды. Олардың саны - 73 адам.
"Бізде тізім бар. Қазіргі кезде біз оларды оқшаулау шараларын бастап жатырмыз. Ал екінші ұшақ бүгін түнде ұшып келген. Бортта экипажбен бірге 12 адам болған. Олар бірден Алматыдағы инфекциялық стационарға жатқызылды", - деді ол.
Тағы оқыңыз: Тоқаев түбегейлі өзгерістер жоспары әзірленетінін мәлімдеді