"Құпия болған емес": Марат Омаров некесіз туған немересіне қатысты ойын айтты

Әнші егер материалдық көмек керек болса, көмектесуге дайын екенін айтты. Бағдарлама барысында ДНҚ сараптамасының нәтижесі шықты
Sputnik

АЛМАТЫ, 13 наурыз – Sputnik. Түркістандық Кәмшат Таубай есімді бойжеткен отандық әнші Марат Омаровтың ұлы Азамат Омаровтан екіқабат болып қалғанын айтты.

Жас ананың айтуынша, екі жасар Көзайымның әкесі – Азамат Омаров, алайда ол қызына тегін беруден бас тартып отыр. Оқиғаның мән-жайы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында талқыланды.

Бағдарламаға Азамат Омаровтың ата-анасы, әпкесі Зарина Омарова қатысты. Сондай-ақ, Кәмшат Таубайдың анасы мен әпкесі келді.

Азамат Омаровтың анасы Шаттық Назарова осы жағдай жайлы телеарнадан естіген соң Кәмшат Таубайдың анасына хабарласқан.

"Есімі Сәуле екен. 1971 жылы туған, арамызда 10 жас айырмашылық бар. Менің балам бір қызды жүкті қылып, оны білген соң жоқ болып кетіп, бала дүниеге келгенін біле тұра оған тегін беруден бас тартуы мүмкін емес. Менің балам (қыздың жүкті екенін) оны білсе, маған айтар еді. Ұлым астанада жұмыс істеп жүрді, содан шұғыл Алматыға келді. "Мама, менің мынадай қызым бар" деп суреттер жіберді ", - деді Азамат Омаровтың анасы.

Ал әнші Зарина Омарова інісінің ісін жақтап отырмағанын айтты.

"Мен Азаматты жақтап отырған жоқпын. Менің 95 жастағы әжем стресс алды. Азаматтың жары, балалары бар", - деді Зарина Омарова.

Түркістандық Кәмшаттың анасы – жеті баланың анасы. Өзіне ақша мен мүліктің қажет емес екенін айтқан ол "Омаровтар немересіне тегін берсе болды", - дейді.

"Қай ана баласын жаман болсын деп тәрбиелейді... Мен сіздерге қалай хабарласатын едім. Сізде үш бала болса, менің жеті балам бар. Маған ұрыстың керегі жоқ. Тек немерем Көзайымға тегін берсе болды. Кейін "тексіз " деп айтпаса екен", - деді Кәмшаттың анасы Сәуле Жаперова.

Студияға келген Марат Омаров: "Бірден маған келмей ме? Біз өзі аз халықпыз. Мен Кәмшаттың, жалпы қазақ қыздарының жылағанын қаламаймын. Ұлым екеуміздің арамызда ешқашан құпия болған емес. Ал бұл жағдайды маған айтпауы, оның сенімсіздігінен туып отыр. Мен үнемі өз жолың бар деп айтып отырамын. Әкенің малы балаға мал болмайды ", - деді.

Тағы оқыңыз: Әнші Мирас Бекжанов: Құралай сәбиіміз қыз екенін айтқанда қатты ұрыстым

Әншінің айтуынша, егер материалдық көмек керек болса, ол көмектесуге дайын.

"Балаға текті беруден қашып жатқан жоқпын. Ол генетикалық жақтан белгілі болады", - деді Марат Омаров.

Бағдарлама барысында ДНҚ сараптаманың нәтижесі де шықты.

"Азамат Омаровтың Көзайымның әкесі болу ықтималдылығы – 99,98 процент. Осы сараптама бойынша, Азамат Омаров 100 процент Көзайымның әкесі", – деді сараптама жүргізген маман.

Сараптама нәтижесі хабарланған соң, Марат Омаров екі жасар Көзайымды немересі ретінде қабылдап, әнін арнады.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші, композитор Марат Омаров үш рет үйленген. Зарина, Мәдина, Азамат Омаровтар алғашқы некеден дүниеге келген. Екінші некеден Зүлфия есімді қызы бар.