НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Берлинде қазақстандық дипломаттың әкесі коронавирус жұқтырды. Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстанға Қазақстанның сыртқы істер министрлігі растады.
"Германиядағы Қазақстан елшілігінде жұмыс істейтін дипломаттардың біріне Еуропада жүрген ата-анасы қонаққа барған. Бірнеше күннен кейін дипломаттың әкесінен коронавирус белгілері анықталып, ол ауруханаға жатқызылды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта қазақстандықтың жағдайы жақсарған, ол жалпы палатаға ауыстырылды.
"Әйелі мен баласы карантинде жатыр, олар неміс дәрігерлерінің бақылауында", - деп нақтылады министрліктегілер.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл ақпаратты растады.
"Иә, бізде Германияда бір Қазақстан азаматының ауырып қалғаны туралы ақпарат бар. Сосын өзіміздегі үш азаматтан коронавирус табылды. Барлығы – Қазақстан азаматтары", - деді Біртанов астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық министрі бүгін түнде Германиядан келген ұшақтың барлық 12 жолаушысы карантинге жатқызылғанын хабарлады. Олардың біреуінен коронавирус табылды. Ал 9 наурызда Қазақстанға Германиядан жолаушылар ұшағы кірген.Бортта 73 жолаушы болған. Бір адамнан коронавирус анықталды.
Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі коронавирустан қалай емделуге болатынын айтты
Індетті жұқтырған үшінші қазақстандық 12 наурызда Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға ұшып келген.