Қоғам

Митингке шыққысы келетін қазақстандықтар нені білуі тиіс

Бұған дейін жаңа заң жобасында бейбіт жиындарға қатысатын адамдар санын 250-ге дейін шектеу ұсынылған еді. Қоғамда бұл норма қызу талқыланып, дауға айналып, ақыр соңында алынып тасталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Қазақстанда бейбіт жиналыстар өткізу туралы" заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілісте "Қазақстанда бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" және "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары таныстырылды.

Бұған дейін жаңа заң жобасында бейбіт жиындарға қатысатын адамдар санын 250-ге дейін шектеу ұсынылған еді. Қоғамда бұл норма қызу талқыланып, дауға айналып, ақыр соңында алынып тасталды. Бейбіт жиынға қатысушылар санына шектеу қойылмайды. 

"Қолданыстағы заңда бейбіт жиын түрлері реттелмеген еді. Осыған байланысты осы заң жобасында ұғымдық аппарат енгізу ұсынылады. Бұл бейбіт жиын, митинг, пикет, жиналыс, демонстрация, шеру секілді басты ұғымдарды қалыптастыруға және олардың ара жігін ажыратуға мүмкіндік береді", - деді Абаев. 

Сонымен қатар, заң жобасына сәйкес, пикет, митинг, жиналыс түріндегі бейбіт жиындарды өткізетін ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органға алдын ала хабарлауы тиіс. Егер жергілікті органнан жауап келмесе, бейбіт жиын келісілген болып саналады.

Ал демонстрация мен шеру өткізетіндер жергілікті атқарушы органның келісімін алуға міндеттеледі. Сондай ақ, заң жобасында бейбіт жиындар үшін альтернативті орындар ұсыну құқығы қарастырылған.

Бұдан бөлек, заңда бейбіт жиындарды ұйымдастырушылар, қатысушылар және журналистердің мәртебесін, құқығы мен міндетін бекіту көзделіп отыр.

Министрдің айтуынша, бұл бейбіт жиындардың ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қойылатын талаптарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, БАҚ саласындағы өкілетті орган бейбіт жиынға қатысатын журналистің қызметі, оны қатысушылардан айыратын белгі түрлері туралы ереже қабылдайды.

"Бейбіт жиындар тек арнайы орындарда өтеді. Мұндай орындарды анықтау кезінде бейбіт жиын мақсатына қол жеткізу мүмкіндігі, ұйымдастыру қолайлылығы, көліктің жүруі, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың инфрақұрылым нысандарын пайдалану мүмкіндігі, санитарлық нормалар мен ережелердің сақталуы, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, басқа да адамдардың қауіпсіздігі ескеріледі", -деді ведомство басшысы.

Тағы оқыңыз: "Сондай күлкілі": Қытай елшісі Жаңаөзендегі митинг жайлы не ойлайтынын ашық айтты

Заң жобасында бейбіт жиындарды елдімекеннің шетінде емес, орталық бөлігінде өткізу көзделген.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың және құқық қорғау органдарының заңда айқындалған жағдайларда бейбіт жиналыстарды қабылдау немесе тоқтату жөніндегі құзыреті белгіленеді.

Олар бейбіт жиынды өткізуге неге рұқсат бермейтінін нақты себептермен көрсетуі тиіс. Сонымен қатар, үгіт институтын енгізу қарастырылып отыр. Бейбіт жиын ұйымдастырушысы еш кедергісіз үгіт жүргізуге, Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған иллюстративті материалдар, символикаларды пайдалануға құқылы. Бірақ ұйымдастырушы үгіт жүргізетін арнайы орын мен уақытты алдын ала хабарлауы керек.