НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. АҚШ ғалымдары өткізген соңғы зерттеулер бойынша жаңа коронавирустың инкубациялық кезеңі 5,1 күнді құрайды. Ал 11,5 күн өткеннен кейін 97,5 процент науқастың ауру белгілері анық байқалады. Зерттеудің нәтижесі Annals of Internal Medicine журналында жарияланды.
Ғалымдар COVID-19 атты жаңа коронавирустың қандай деңгейде адамнан адамға жұғатынын әлі толық анықтаған жоқ. Дегенмен, аурудың инкубациялық кезеңін, яғни, инфекцияны жұқтырғаннан бастап науқастың айналадағы адамдарға қауіп төндіретін уақытқа дейінгі аралықты атады. Соның арқасында ауруға қарсы стратегия жасап, карантиннің тиімді мерзімін есептеп шығаруға болады.
Бұған дейін коронавирустың инкубациялық кезеңіне байланысты алаңдаушылық болған. "COVID-19"-ды анықтау үшін 14 күн аз. Карантин уақытын 19 немесе 24 күнге ұзарту қажет" деген ұсыныстар да айтылды.
Джон Хопкинс университетінің ғалымдары Қытайдың Хубэй провинциясынан тыс жерде болған коронавирустың 181 жағдайын зерделеп шықты. Соның негізінде инкубациялық кезеңнің моделі жасалды.
Зерттеуге сәйкес, COVID-19 вирусының инкубациялық кезеңі орташа есеппен 5,1 күнге созылады. Осы уақыттың ішінде инфекцияны жұқтырғандардың жартысында аурудың белгілері көріне бастаған. Ал кейбір науқастарда (2,5 процент) вирус 2,2 күннің ішінде анықталды. Дегенмен, індетті жұқтырғандардың басым бөлігінде (97,5 процент) аурудың белгілері 11,5 күнде шықты. Осыған байланысты ғалымдар 14 күндік карантиннің болғаны дұрыс деп санайды.
Тағы оқыңыз: Бас санитар: 11-16 наурыз аралығында Қазақстанға коронавирус кіруі мүмкін
Дегенмен, он мың адамның ішінде 101 науқаста 14 күнде вирус анықталмауы да мүмкін. Бірақ олардың саны аз. Барлық науқастардың тек бір процентін ғана құрайды.
Ғалымдар қауіпті дерттің алдын алу шараларын да атап өтті. Басты кеңес – қолды жақсылап жуу керек. Қолды, кем дегенде, 20 секунд сабындау қажет.