Қоғам

Қазақстандықтар баспанасын да сақтандыруы мүмкін

Қазақстанның ішкі істер министрлігі көлікті ғана емес, жылжымайтын мүлікті де сақтандыру қажет екенін мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мүлікті төтенше жағдайдан міндетті сақтандыру қажеттігін жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір бізде қайырымдылық ұйымдары көп. Дегенмен болашақта мүлікті сан алуан төтенше жағдайдан міндетті сақтандыру мәселесін көтеру керек. Иә, мемлекеттік бюджет бар. Баспананы қалпына келтіруге арналған резервтер де бар. Материалдық көмек беріледі. Алайда осы саладағы өркениетті жолдардың бірі мүлікті сақтандыруға көшуіміз керек", - деді Ильин астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды 

Оның айтуынша, бұрын көлікті сақтандыру шаралары басталғанда халық тарапынан түсініспеушілік болған. Дегенмен адамдар үйренді. Сол сияқты мүлікті сақтандыру жұмысын да бастау керек.

Су тасқыны

Биыл қардың нормадан артық түсуіне байланысты бірнеше облыста су тасқыны болуы әбден мүмкін.

"Олар – Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысында қар қалың, мұз көп. Министрлік қанша ауылға су кіретінін де есептеп шықты", - деп хабарлады ішкі істер министрінің орынбасары.

Ол бас кезінде ондай ауылдардың саны 1040-тан асқанын атап өтті. Алдын алу шаралары арқасында 487 елді мекен ол тізімнен шығарылыпты. Қазіргі кезде 287 ауылда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

"Енді, Нұра өзенінің бойында тұрған ауылдарға қауіп төніп тұр. Бұдан бөлек, Есіл, Колутон, Жабай сияқты өзендер бар. Ал Түркістан мен Қызылорда облыстарында су тасқыны болмайды. Себебі Сырдария өзенінде мұз кептелісі жоқ", - деп түйінедеді Ильин.