АЛМАТЫ, 10 наурыз – Sputnik. Францияның мәдениет министрі Франк Риестердің коронавирус жұқтырғаны анықталды, деп хабарлады Deutsche Welle.
Басылымның хабарлауынша, шенеунікте коронавирустың жаңа түрінен туындайтын пневмония белгілері жоқ.
Риестер қазір ауруханада емес, үйінде емделіп жатыр. Сондай-ақ, министрдің соңғы уақытта кімдермен байланыста болғаны анықталуда.
Соңғы екі аптада Франция үкіметінің мүшелері жиналыстарда бір-бірімен қол алысып амандасудан бас тартқан болатын.
Коронавирустың өршуі
Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирус 2019 жылдың желтоқсанында тарала бастады. Қытайдың Ухань қаласында (Хубэй провинциясы) бұрын-соңды белгісіз болған ауру өршіді. Қазір коронавирус әлемнің 100-ге жуық елінде анықталды. Джон Хопкинс институтының мәліметінше, әлемде 113 773 адам коронавирус жұқтырған, 4 008 адам көз жұмды. 63 663 адам аурудан айықты.
Қазақстанда әзірге коронавирус тіркелген жоқ.