АЛМАТЫ, 8 наурыз – Sputnik, Айгерім Таубай. Елу жылдан бері өнер жолында қызмет етіп, 46 жыл бойы Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Қазақ КСР халық әртісі Лидия Кәден Sputnik Қазақстан тілшісіне өнер мен отбасы, әртіске тән әдет пен театрдағы өмір жайлы айтты.
Жүрегім аузыма тығылады
Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында "Құлагер"қойылымының премьерасы өтіп жатыр. Ілияс Жансүгіровтің поэмасы негізінде сахналанып жатқан қойылымда Лидия Кәденова Сағынай әйелінің рөлін сомдайды. Әртіс премьера алдында сұхбаттасқысы келмейтінін айтты. Өйткені ойы бөлінеді.
"Қойылым алдында бетімді, киімімді ойлаймын. Кейде үлгермей жатамыз. Арасында сөзімізді қайталап жүреміз. Әсіресе, премьера кезінде ойымның бөлінгенін қаламаймын. Себебі ол әлі сіңбеген дүние. Жасымыз келген адамбыз, бұрынғыдай 2-3 күнде сөзімізді жаттап ала салмаймыз. Тіпті толқыған кезде бәрі ойыңнан шығып кетеді. Сөзімді ұмытып қаламын ба деп те ойлайсың", - дейді Лидия Кәденова.
Әртіс мұны сахнадан қорқу емес, сахнаға шығу алдындағы қобалжу деп түсіндірді. Оның айтуынша, нағыз әртістің бойында қобалжу үнемі болады.
"46 жыл сахнада жүрсем де, әр қойылым алдында жүрегім аузыма тығылады. Сахнадан қорықпауым мүмкін, алайда сахнаға шыққан кездебастапқы 7-8 минут қобалжу болады. Партнермен сөйлесіп, көрермен лебін сезіп, естігеннен кейін ғана жүрегің басылады. Қобалжымаған дұрыс емес. Әр актер адам шын актер болса, әрине, қобалжиды, толқиды. Кейде оның кедергі келтіретін кезі де бар. Қатты толқудан дауысың шықпай қалуы мүмкін, я болмаса біліп тұрған сөзіңді ұмытып қаласың", - дейді актриса.
"Сахнаның иесі де, киесі де бар"
Сұхбат кезінде Лидия Кәденованың көпшілік біле бермейтін тағы бір әдеті жайлы білдік. Ұжымдағы әріптестері дайындық кезінде сахнаның сыртында тұрып, сәлем салатынын байқағанын айтты. Рас, әртіс сахнаның иесі мен киесі бар деп тағзым ететінін айтты.
"Бұны кімнің байқап қойғанын білмеймін, алайда жастық кезеңнен өтіп, кемелдене бастаған шағымнан сахнаның сыртында "Бісмілләмді" айтып, тағзым етемін. Сахнаның иесі де, киесі де бар. Өткен-кеткенді еске алып, бас иіп, өзімнен өзім сөйлейтінім бар. Қазір қойылым басталар кезде келіп, тез боянып сахнаға шыға салады. Біздің заманның адамдары екі сағат бұрын ерте келіп киімдерін, бетін түзеп дайындалып отырады", - дейді ол.
Тағы бір әдеті – бекітілген пьесаны дәптерге көшіріп, бір ай бойы сол дәптерді ұстап жүреді. Қазір сол дәптерлер архив ретінде үйінде сақтаулы.
"Сценарийді бекіткен соң, оны дәптерге көшіреміз. Қойылым бір ай бойы түзеліп, өңделеді. Режиссермен бірге отырып, қойылым айналасында жұмыс істеп, астарын ашып, түзеп боламын дегенше бір ай өтеді. Сол кезде қолымыздағы дәптер мыжылып, түгі қалмайды. Қойылымдағы рөлге қарай ол 36, 48 беттік болады. Қойылым толық бекітілген соң кейінге қалады деп қайтадан көшіреміз. Қазір жиырма жыл бұрын жазылған қағаздарым үйде жатыр", - дейді ол.
Өнерде жүргеніне 50 жыл болды
50 жылда Әуезов театрына бірнеше рет шақырту алса да, Мүсірепов театрынан, ұжымынан кетпеген әртіс театр жастарының жанкештілігін жоғары бағалайтынын жеткізді.
"Өнерде жүргеніме 50 жылдай болды. Ал Мүсірепов театрында қызмет етіп жүргеніме – 46 жыл. Әзірбайжан Мәмбетов, Тұңғышбай Жаманқұлов театр басшысы болып тұрған кезде де Әуезов театрына шақырту алдым. Ол жақта да ойнадым. "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық" деген соң ба, осы театрда жүрмін. Қазір театрда өз орным, өз ұжымым бар деп ойлаймын. Қуанышың болса, қайғың болса да, бәрін ұжыммен бірге көресің. Ұжым – бір отбасы. Қазіргі жастарға ризамын. Таңертең биге қатысады, түсте дайындықта жүреді",- дейді Кәденова.
Кешке келіп тағы да дайындалады. Актриса жастардың өнерге бар жанымен беріліп жұмыс істейтінін байқаған.
"Алатын қаржысы тиын-тебен болса да, өнерге бар жанымен беріліп тұрады. Арасында киносына түседі, телеарнаға барады. Заманына сай бәріне үлгеріп жатыр. Жастардың жанкештілігі ұнайды", - деді жас әріптестері жайлы.
"Отыз жеті жасымда тұрмыс құрдым"
Әңгімеміз отбасы тақырыбына ауған кезде, әртіс 37 жаста тұрмыс құрғанын, адамның ширақтығына қарай бәріне үлгеруге болатынын айтты.
"Отыз жеті жасымда тұрмыс құрдым. Күйеуіме қарап, дүниеге бала әкеліп, үйімді де жинап, тамағымды да пісіріп, театрға да келіп жүрдім. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ", - деді актриса.
Ол қазіргі жастарға таңғалатынын жасырмады.
"Тұрмыс құрады, баланы дүниеге әкеледі, содан барып өзім үшін өмір сүргім келеді деп шығады. Сен өзің үшін өмір сүріп ал, содан кейін барып тұрмыс құр. Театр актрисаларының көбі үш жыл декреттік демалыста отырады. Қиналып жатқандары баласын бір жыл қарайды да, әжесіне, не болмаса күтушісіне қалдырып, жұмысқа шығады. Театрдағы жұмысынан қалмайды. Біздің балаларымыз театрда өсті. Сахнаның артында жүретін. Қазір оған рұқсат жоқ. Техника үстіне құлап кете ме деп қорқады. Адам жинақы болса, бәріне үлгереді", - деді Кәденова.
Әңгімеміздің соңында халық әртісі барша қыз-келіншектерді халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
"Бүкіл қазақ жерінде тұратын аруларды, қыздарды, әжелерімізді, апаларымызды көктем мерекесімен құттықтағым келеді. Біресе ел арасындағы ылаң дедік, біресе тарап жатқан вирус – мұның бірі де болмаса екен. Оның бәрі ананың жүрегін ауыртады. Еліміз аман болсын, тыныштық болсын", - деді Кәденова.