НҰР-СҰЛТАН, 7 наурыз — Sputnik. Таразда тірі адамды өлді деп тіркеп тастаған. Қазір ол жеке басын куәландыратын құжатын ала алмай жүр, деп хабарлады "Астана" арнасы.
55 жастағы Марат Мейірханұлы жеке куәлікке жарымай жүргеніне тоғыз жылдан асқан. Ол 2010 жылы мерзімі өткен құжатын ауыстыруға барған. Бірақ сол кезде куәлікті дер кезінде ауыстырмағаны үшін салынған айыппұлды төлеуге ақшасы болмапты. Оның үстіне тұрғылықты мекенжайда тіркеуде жоқтығы да кедергі болған. Кейін қайта қайырылғанда күтпеген жағдайға тап болған.
"Барсам өліп қалғансың дейді. Өліп қалғаны қалай, мен тірі адаммын ғой. Дәлелдейтін әкем де, ағам да бар екенін айттым. Бірақ компьютерден 2012 жылы өлген деп шығып тұр. Астанадағы балам шақырып еді, еш жаққа шыға алмай отырмын. Ауруханаға да жатқызбай жатыр", - дейді Марат Құрманәлиев.
Құрманалиев құжатымның жоқтығынан "тірі өлік" болдым деп отыр. Сан жылдар бойы біреудің малын бағып, біреудің құрылысына жалданып жұмыс істеген. Сондықтан құжатқа да аса мән бермегенін жасырмады. Жергілікті көші-қон полициясы мен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тірі адамды еш құжатсыз өлгендердің тізіміне қалай қосқандарын түсіндіріп бере алмады.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты астаналық әйелдің ер адамға "айналып" кеткенін айтты
"Өлді санатына неліктен көшірілгенін алдағы уақытта тексереміз. Нақты анықтаймыз. Әзіргі сіздерге ештеңе айта алмаймын. Бұл кісі бізге жазбаша түрде арыздануы керек. Содан кейін, біз тексеру жұмыстарын жүргіземіз", - деп түсіндірді қалалық полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы Арай Айымбек.
Жауаптылар 2011 жылы құжаттаманың жаппай электронды түрге көшуі кезінде қателіктер кетуі мүмкін деген болжам айтып отыр. Өзінен де кінә бар дейді. Дегенмен қос мекеме басшылары енді бұл мәселемен жедел айналысып, жақын күндері шешіп береміз деп уәде етті.