НҰР-СҰЛТАН, 7 наурыз – Sputnik. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың АҚШ-та "Батылдық үшін" халықаралық сыйлығын алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Чжан Сяо АҚШ-тың Сайрагүл Сауытбайды марапаттауын барып тұрған арандатушылық деп атады. Елші халықаралық шараны Вашингтонның пиғылы мен шынайы мақсатын көрсеткен циркке теңеді.
"Вашингтон соңғы жылдары Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданындағы терроризм және экстремизмге қарсы күресте қол жеткізген зор жетістіктерімізді елемей, Қытайға жала жауып, түрлі қауесет таратып, ШҰАА мәселесін көтеріп келеді. Ондағы мақсат – өңірді, соның ішінде ШҰАА-ны этникаралық, ұлтаралық қантөгіс аймағына айналдыру, бір-бірімен араздастыру, ақырында Қытайдың түбіне жету", - деп жазды ол фейсбукте.
Алайда, оның айтуынша, АҚШ-тың әрекеті сәтсіздікке ұшырап жатыр. ШҰАА қауіпсіз, тұрақты, көркейген аймаққа айналған, барлық ұлт өкілдері бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Кәсіби оқу орталықтарын бітіргендер жұмысқа орналасып, ақша тауып жүр, яғни қоғамға қауіп төндіріп тұрған жоқ, деп жалғастырды ол.
"Орталықтар Қытайдың экстремизммен күресу үшін ойлап тапқан сәтті жобасы екенін тәжірибе көрсетті", - деді Сяо.
Тағы оқыңыз: Сайрагүл Сауытбай: Қатты қиналғанда қолымдағы "Алла" жазуы анық көрініп тұрады
Қытай елшісі "АҚШ осы марапат арқылы өзінің идеологиялық вирустың ең үлкен көзі екенін тағы бір мәрте көрсетті" деді.
"Қазақстанда да, Қытайда да қылмыскер деп танылған "батыр әйелге" қатысты, бұл жерде қандай батылдық туралы айтуға болады? Оның батылдығы – өз Отанын сату, өзі мен отбасын асырап баққан елді қаралау. Егер онда қандай да бір батылдық болса, ШҰАА-дағы кредиттік қарызын неге өтемейді? Ол өзінің геосаяси цирктегі рөлін лайықты бағалай алмайтыны өкінішті", - деп жазды елші.
3 наурызда 2020 жылы "Батылдық үшін" халықаралық сыйлығын алған әйелдердің аты-жөні жарияланды. Арасында этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай да бар.
Сайрагүл Сауытбайдың ісі
Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай 2018 жылдың мамырында отбасымен қауышу үшін Қытайдан қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен болатын.
Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай ұл-қызымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келуді жоспарлаған. Алайда Сайрагүл Қытайда құпия саналатын "саяси қайта тәрбиелеу орталықтарында" жұмыс істегендіктен, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген.
Қытай оны тарихи отанына жібермеу үшін төлқұжатын тартып алған. Осылайша, қазақ келіншегі Қытайда қалды, ал жұбайы мен балалары Қазақстан азаматтығын алып, атажұртқа оралады.
Тағы оқыңыз: Қытайда сотталған Ақжарқынның анасы қызына қатысты бар шындықты айтты
2018 жылдың 1 тамызында Алматы облысының Панфилов аудандық соты этникалық қазақты 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Оған Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза қолданылмады.
Сайрагүл Сауытбайға Қазақстанда "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілді, алайда "босқын" мәртебесі берілмеді.
Сайрагүл Сауытбай 2019 жылдың 3 маусымында Алматыдан Швецияға ұшып кетті. Күйеуі және екі баласы Қазақстан азаматтығынан бас тартқан жоқ.