Экономика

Қазақстан Қытайдан жеміс әкелуді тоқтатты

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2 наурыздан бастап енгізілген шектеулерге фитосанитариялық талаптардың жүйелі түрде бұзылуы себеп болғанын мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Қазақстан Қытайдан кейбір жемістерді алып келуді уақытша тоқтатты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, уақытша эмбарго 2020 жылдың 2 наурызынан басталған. Атап айтқанда, Қытайдан сүйекті, шекілдеуікті және цитрусты дақылдарды (ЕАЭО СЭҚ ТН 0808, 0809 және 0805 кодтары) алып келуге тыйым салынды.

"Тыйым салуға Қытайдан Қазақстан аумағына кіргізілетін өнімдерден "карантиндік объектілердің" жүйелі түрде табылуы негіз болды", - деп түсіндірді ведомство.

Министрліктің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қытайдың бас кеден басқармасының атына карантинге жатқызылған өнімді алып келу кезінде халықаралық және бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылғаны туралы нотификация жолдады.

Қытайдың карантиндік қызметі Қазақстан жолдаған ресми хабарламаны қарастырып, әрекет ету шараларын күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, Қытай тарапы кейбір жеміс бақтары карантиндік объектілерге қарсы алдын алу шараларын жүргізбей, жүйелі түрде заңбұзушылықтарға жол бергенін анықтады.

Оқи отырыңыз: Қытайдан әкелінген зиянды ойыншықтар сөрелерден алынды

2019 жылы Қазақстан аумағына ҚХР-дан карантинге жатқызылған өнімді алып келу кезінде 52 заңбұзушылық анықталды, оның ішінде 7 рет карантиндік организм табылып, 22 рет фитосанитариялық сертификатсыз өнімді кіргізу жағдайы тіркелген. Сондай-ақ, 13 карантинге жатқызылған өнімнің орамасында маркировка болмаған, 3 рет фитосанитариялық талап бұзылған, 4 рет фитосанитариялық сертификат сәйкес болмай шықса, 3 рет карантинге жатқызылған өнім тексеруге ұсынылмаған.

Барлық жағдайда карантинге жатқызылған өнім (12 мың тауар бірлігі) кері қайтарылды. Сонымен қатар, 2 миллион теңгеге 27 айыппұл салынды.