Қоғам

Нұр-Сұлтанда екі Қытай азаматы коронавирустан қайтыс болғаны рас па?

Министр Елжан Біртанов қазақстандықтарды әлеуметтік желіде және мессенджерде расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды
Sputnik

АЛМАТЫ, 5 наурыз  – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтанда екі Қытай азаматы коронавирустан қайтыс болды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрлігінің басшысы қазақстандықтарды әлеуметтік желіде және мессенджерде расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.

"Соңғы күндері әлеуметтік желіде түрлі хабарлама тарап жатыр. Бүгін WhatsApp арқылы Нұр-Сұлтанда екі Қытай азаматы қайтыс болды деген ақпарат тарады. Ал кеше Алматыда көптеген Қытай азаматы емделіп жатқаны хабарланды", - деді министр.

Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрлігінің өкілеттілігіне қазақстандықтарды вирустан сақтау ғана емес, сонымен қатар дер кезінде ақпарат беру де кіретінін айтты.

Сондай-ақ, министр коронавирустың алдын алу мақсатында мерекелік шараларды өткізуге шектеу қойылғанын да атап өтті. Атап айтқанда, конференциялар, байқаулар мен форумдар кейінге қалдырылды.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Оңтүстік Корея азаматтарының елге кіруіне тыйым салды 

"Бір аптадан кейін не болатыны белгісіз. Оған ешкім кепілдік бере алмайды. Өзгеріс болған жағдайда біз карантин енгізе аламыз. Билет алып, артық трафик жасап, келеңсіз жағдай туындамас үшін кей шараларды кейінге қалдырып жатырмыз. Әсіресе, спорт және мәдени жиындар кейінге қалдырылды", - деді ол.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі 8 наурыздан бастап Оңтүстік Корея азаматтарының Қазақстанға кіруіне тыйым салынатынын жариялаған болатын. Оның алдында Қытай мен Иран азаматтарының Қазақстанға кіруіне тыйым салынды.

Қанша адамға карантинде жатыр

Қазір Қазақстанда 992 адам стационарлық және үй жағдайындағы карантинде жатыр. 7 515 адам тұрғылықты жерінде бақылауға алынған, олардың арасында Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да бар.

60 адам коронавирус жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде 18 адам ауруханадан шығарылды. Әлемде коронавирус тараған уақыттан бері Қазақстанда аурудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.