Алматылық ардагер "Қалқан және раушан" сыйлығын алды

96 жастағы Тамара Максимова Ұлы Отан соғысына қатысқан, қазіргі таңда үш қоғамдық ұйымның жұмысына белсенді қатысып келеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз  – Sputnik. Мәскеуде Ұлы Отан соғысына қатысқан әйелдерге құрмет көрсетілді. Кремльде "Қалқан және раушан" атты қоғамдық сыйлықпен марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Хабар 24.

Дәстүр бойынша оны Ресей құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерінде жұмыс істейтін әйелдерге табыстайды. Алайда Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырушылар жаңа номинация енгізді. Бұл жүлдемен Алматыда тұратын қазақстандық ардагер Тамара Максимова да марапатталды. Тамара Максимова Мәскеуде дүниеге келді. Соғыс басталғанда, 9-сыныпты бітірген ол өз еркімен әскерге барып, медбике болып қызмет еткен. Екінші дәрежедегі Отан соғысы ордені және "Мәскеуді қорғау үшін" медалімен марапатталды. Соғыстан кейін Алматыға қоныс аударған. Қазақстанда диссертация қорғап, ұзақ жылдар бойы Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берді. Жасы 96-ға толса да, үш қоғамдық ұйымның жұмысына белсенді қатысып келеді.

"Зейнетке шыққаннан кейін ардагерлік ұйымдарда жұмыс істей бастадым. Бұл маған үлкен демеу болып жүр, өйткені өмірімде мақсатымның барын және біреуге қажет екенімді сеземін. Таңертең тұрғанда, бүгін не істеу керектігін ойлаймын. Ал түк мақсатым болмаса, тек ауруларымды санап жүретін едім, ал бұл тіпті қызық емес", - дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Тамара Максимова.

Тамара Максимованы бұл жүлдеге ардагерлер, тыл еңбеккерлері және соғыс балаларының кеңесі ұсынды. Қазақстанда қазір Ұлы Отан соғысының бір мың 400-дей ардагері бар, оның екі жүз жиырма бірі Алматыда тұрады.

"Ол қорымыздың жұмысына белсенді қатысады. Жастарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Осыдан 9 жыл бұрын құрылған қорымыз ардагерлер, тыл еңбеккерлері және соғыс балаларына жан-жақты көмек көрсетіп келеді", - деп атап өтті "ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балалары кеңесінің" атқарушы директоры Райхан Жапарханова.

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында "Қалқан және раушан"  жүлдесінің ұйымдастырушылары соғысқа қатысқан әйелдерді марапаттайды. Мәскеуге бүкіл Ресей мен ТМД елдерінен 50 ардагер әйел келді.

Қазір Ресейде Ұлы Отан соғысына қатысқан шамамен 60 мың адам тұрып жатыр. Ал 2020 жыл Ұлы жеңісті еске алу және даңқ жылы болып жарияланды.