Қоғам

Мереке күндері кімдер жұмыс істейді - президент тапсырмасы түсіндірілді

Президенттің мәлімдемесіне сәйкес, мереке күндерінің көп болуына байланысты одан кейінгі демалыс күндері орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысы тоқтап қалады
Sputnik

АЛМАТЫ, 5 наурыз – Sputnik. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекеттік қызметшілер үшін демалыс күндеріне келетін мерекені келесі дүйсенбіге ауыстырмау туралы тапсырманы түсіндірді.

Оның айтуынша, президенттің бұл мәлімдемесіне сәйкес, мереке күндерінің көп болуына байланысты одан кейінгі демалыс күндері орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысы тоқтап қалады.

"Көрші мемлекеттерде коронавирустың таралуы, еліміздегі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға (қар көшкіні, су тасқыны қаупі) байланысты еліміз күрделі мәселелерге тап болып отыр. Мұның бәрі шұғыл әрекет етуді, барлық мемлекеттік құрылымның жедел және үйлесімді жұмысын талап етеді", - деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, президент мереке күндерінен кейінгі күні мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа шығуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Мереке күндері кім және қалай жұмыс істейді

"Бұл президент аппараты, үкімет, министрліктер, мемлекет басшысына қарайтын ведомстволар, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктеріне қатысты",  - деп толықтырды баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ, бұл жағдайда еңбек заңнамасы сақталатынын айтты.

"Еңбек кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа тек өздерінің жазбаша келісімі бойынша шыға алады, соған сәйкес, жұмысына ақы төленеді. Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндері жұмысқа шыққаны үшін басқа демалыс күні беріледі немесе бір жарым күндік мөлшерде жалақысы көтеріледі", - деді Уәли.

Ал жалпы алғанда заңға өзгеріс енгізілмейді. Мемлекет басшысы мұндай тапсырма берген жоқ.

"Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жұмыс этикасын қалыптастыруға шақыратынын ерекше атап өткім келеді. Ол мемлекеттік қызметкерлер мен еліміздің барлық азаматы арасында еңбексүйгіштік пен жауапкершілік идеологиясын насихаттайды. Бірнеше күн бұрын мемлекет басшысы Жамбыл облысында азаматтарды еңбекқор болуға шақырған болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі ең алдымен мемлекеттік қызметкерлерге айтылғанына сенімдімін", - деді ол.

Тағы оқыңыз: "Шешім қабылдадым": Тоқаев неден бас тарту керек екенін айтты

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында үкіметке және президент әкімшілігіне мереке жексенбіге сәйкес келген жағдайда келесі күнді жұмыс күні деп қарауды тапсырған болатын. Ондай жағдайда дүйсенбі барлық мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс күні болады.