Қоғам

Қазақстандық ғалым өзінің сенсациялық мәлімдемесін түсіндірді

Бұған дейін профессор Рахман Алшанов сенсациялық мәлімдеме жасап, Жердегі өмір Тұран даласында пайда болғанын айтты деген ақпарат тараған еді
Sputnik

АЛМАТЫ, 4 наурыз – Sputnik. Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов "Авеста" кітабын 7 жыл зерттеген. Ғалымның айтуынша, "Авестаның" авторы Заратуштра Қазақстан жерінде Орал өзенінің жағасында дүниеге келген. Оның есімі "Зар айтушы" деген мағынаны білдіреді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Рахман Алшановтың "Жиырма мыңжылдықтың құпиясы" деген зерттеу еңбегі қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Алайда ғалымның кітаптың тұсаукесерінде айтқан сөзін көпшілік теріс түсініп қалған көрінеді.

"Жердегі өмір Тұран даласында пайда болған жоқ. Тарихта өмір ең алғаш Африка жерінде басталды делінген. Менің айтқаным мүлде басқа. "Авеста" бастапқыда ауызша тарады. Ол осыдан үш мың жыл бұрын қағазға түскен. Жер бетінде бірнеше апат болған: су тасқыны, толқын, өрт, жанартаудың оянуы. Толассыз қар жауды, ол еріп кеткеннен кейін бірде-бір қойдың ізі қалмады. Су адам бойымен бірдей болды. Арийлік емес барлық халықты су алып кетті. Кең айдында мұхит пайда болды. Осының бәрі "Авестада" жазылған. "Авеста" дін туралы кітап емес, тарихи кітап. Менің сенсациям – осы", - дейді ғалым.

Апат салдарынан Сібір өзендерінде қуатты кептеліс пайда болып, мұзды толқындарға айналған. Жиналған су Торғай арқылы Арал маңындағы жазыққа ағып, Аралға қосылған.

"Су Сарықамыс шұңқыры арқылы Узбой өзеніне құйды, тасқын су Каспий теңізіне дейін барып, Қара теңізге жетті", - дейді ол.

Ғалымның айтуынша, осы кезеңде арий тайпалары қоныс аударып аман қалған. Башқұртстан арқылы Торғайға, одан Алтай тауына, Қырғызстанның жоғары жағына көшіп, Иранға дейін жеткен. Осы жерлерде арий тайпаларының мүшелері қалып кетіп отырған. 3000 жыл бұрын "Авестаны" жазған адам да осы көшудің нәтижесінде Қазақстан жерінде қалып кеткен.

Тағы оқыңыз: Қазақтың ғұлама ғалымы өмірден озды

"Авестада" арий халықтарының осы жерлерді игеріп қана қоймай, тұрандықтардың, дахтықтардың, сайрималардың иелігіндегі аумақты басып алуға тырысқандығын, бірқатар қарулы қақтығысқа қатысқандарын бейнелейтін кезең сипатталған. Ал сол еңбекті жазған Заратуштраның өзі Орал өзенінің жағасында туған. Есімі "Зар айтушы" деген мағыны береді", - дейді ғалым.