НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің мерекедегі демалыс күндерін қысқарту туралы түсініктеме берді. Президент қолданыстағы тәртіпті қайта қарауды тапсырған болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекеттік қызмет департаменті директорының орынбасары Думан Әбілевтің айтуынша, қазіргі кезде құзіретті мемлекеттік органдар президенттің тапсырмасын пысықтауға кірісті.
"Бүгінде мерекелер туралы заң барлығына ортақ. Онда мемлекеттік қызметшілер бөлек қарастырылмайды. Сондықтан тиісті жұмыс басталды. Дәл қазір біздің қызметкерлеріміз премьер-министр кеңсесінде жиналып, құзырлы мемлекеттік органдармен осы тапсырманың қалай іске асырылатынын талқылап жатыр", - деді Әбілев астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандықтар 9 наурызда демалады. Себебі оған дейін заңға өзгеріс енгізіп үлгермейді. Сондықтан жексенбіге түсетін 8 наурыздан кейін дүйсенбі күні барлық мемлекеттік қызметшілер демалады. Тапсырмасы аясында нақты қай мемлекеттік қызметшілердің демалыс күндері қысқаратынын да анықтау қажет.
"Құқық қорғаушылар бар, арнайы мемлекеттік органдар бар, олардың барлығы – мемлекеттік қызметшілер. Мысалы, біз - әкімшілік қызметкеріміз. Бұдан бөлек, саяси қызметшілер бар. Сонда тапсырма қай қызметкерлерге қатысты? Осыны анықтау қажет. Бұл ретте тек құқық қорғау органдарына ғана қолданыла ма? Себебі қоғамдық тәртіпті сақтау керек. Бұның барлығы пысықталып, алдағы уақытта тиісті шешім қабылданады. Өзгеріс бәріне қатысты бола ма, жоқ па әзірге белгісіз", - деп атап көрсетті Әбілев.
Тағы оқыңыз: "Дүйсенбі жұмыс күні болуы тиіс": Тоқаев мереке күніне қатысты тапсырма берді