Елорда тынысы

Алтай Көлгінов отставкаға кетуі тиіс пе – агенттік жауап берді

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Байқоңыр" ауданы әкімінің пара алу фактісін анықтағанын мәлімдеген болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың отставкасына қатысты сауалға түсініктеме берді. Бұған дейін Байқоңыр ауданының әкімі пара алғаны үшін ұсталған болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаровтың айтуынша, бірінші басшының жеке жауапкершілігіне қатысты заң өткен жылы 10 желтоқсанда күшіне енген болатын. Ал Байқоңыр ауданының әкіміне қатысты қылмыстық іс қараша айында қозғалған. Сондықтан жаңа өзгерістер Алтай Көлгіновке қатысты емес. 

"Байқоңыр ауданының әкімі бойынша сот өтті. Үкім де шығарылды. Бірақ оның заңға қайшы әрекеті қараша айында анықталған. Ол кезде бірінші басшының отставкаға кетуіне қатысты заң күшіне енген жоқ. Сондықтан осы талап астана әкіміне қатысты емес деп санаймыз", - деді Сапаров бүгінгі баспасөз мәслихатында.

Көлгінов не дейді?

Бұған дейін елорда басшысы Алтай Көлгінов аудан әкімінің пара алу фактісінен кейін отставкаға кету туралы пікір білдірген болатын. Халыққа есеп беру кезінде журналистер микрофон алып, Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есіловтің ұсталуына байланысты сұрақ қойған. Тілшілер қала басшысының отставкаға кетуге қатысты ойын сұрады.

"Бәрі заң бойынша болады. Заң не дейді, солай жасаймыз", - деп қысқа ғана қайырды Көлгінов. Сосын бірден басқа микрофон ұстап тұрған адамдарға сөз берді.

Айта кетейік, халыққа есеп беру кезінде залда Асқар Есіловтің әкесі Сансызбай Есілов те отырды. Ол бұрын әкім орынбасары болған. Одан кейін мәслихат пен қоғамдық кеңестің төрағасы қызметін атқарды.

Есілов не үшін ұсталды

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Байқоңыр" ауданы әкімінің пара алу фактісін анықтағанын мәлімдеді. Оған жекеменшік компания өкілінен "Байқоңыр" ауданын абаттандыру бойынша субмердігерлік жұмыстарды алуға жәрдемдескені үшін пара түрінде iPhone-ның соңғы үлгісін алды деген айып тағылды.

Сондай-ақ, экс-әкім қызмет бабын асыра пайдаланып, жалпы қамқорлық жасады деген күдікке ілінді. Ол өз кінәсін толығымен мойындады. Сол себепті қамауға алынған жоқ. Күдіктілер тергеуді жеделдетілген тәртіпте аяқтауды сұрады.

Тағы оқыңыз: Көлгінов Тоқаевтың алдында маңызды мәселені көтерді

Бүгінде қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша іс қозғалды. Оған сәйкес, шенеуніктің алған парасына қарай 20-80 еселенген сома көлемінде айыппұл салынады, я болмаса, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.