АЛМАТЫ, 3 наурыз – Sputnik. Көпбалалы ана әр балаға 35 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындау керек деген ұсыныс жасады, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алматыда "Бақытты отбасы" әлеуметтік орталығының ұйымдастыруымен 2020 жылдың 2 наурызынан 31 мамырға дейін "Аналар көктемі" әлеуметтік акциясы өтеді. Медеу ауданында аталған акцияның бағдарламасы таныстырылды. Жиын барысында көпбалалы аналар әлеуметтік көмек беру мәселесін көтерді.
"Қазір балаларға әлеуметтік пакет тағайындалды. Мектеп оқушыларына мектеп формасы мен мектепке арналған құрал-жабдық беріп жатыр. Былтыр котт бар адамдар да әлеуметтік көмек алды. Пәтер жалдап тұрып жатқан немесе біреудің тауық кепесін паналап отырған кісілер сол 21 мың теңгеге жете алмады. 17 наурызда Тоқаевқа кіргелі отырмын. Сол кезде осы мәселені қайта көтеремін. Балалар – біздің болашағымыз, сондықтан әр балаға 35 мың теңге төленуі тиіс", - деді жиынға қатысқан "Аналар қолөнері орталығының" директоры Гүлім Болатжан.
"Бақытты отбасы" орталығының маркетолог-маманы Марфуға Сайдалиева бұл пікірмен келіспейтінін, ең алдымен аналарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлу керек екенін айтты.
"Былтыр жаппай 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілді. Алайда бұл сома балаларға жұмсалмайды. Қазір атаулы әлеуметтік көмек сомасы қысқартылды, алайда мемлекет балалар үшін әлеуметтік пакет дайындады. Оның ішінде балаға қажетті заттар бар. Сондықтан әлеуметтік көмектің осы түрі тиімді", - деді ол.
Айта кетейік, бір ай бойы "Бақытты отбасы" әлеуметтік орталығында, "Аналар қолөнер орталығында", RAHYM әлеуметтік орталығында және көпбалалы аналар ашқан бизнес орталықтарда кездесулер өтеді.
Жәрдемақы қалай төленеді
Өткен жылдың сәуірінен бастап желтоқсан айына дейін атаулы әлеуметтік көмек әрбір балаға 21 мың теңге шамасында төленіп келді. Жаңа жылдан бастап әлеуметтік көмекті төлеу шарттары өзгерді. Енді атаулы көмек кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы табысының айырмашылығы мөлшерінде төленеді.
Жәрдемақы ай сайын әрбір баланың санына қарай төленеді.
Оның мөлшері:
- 4 балаға – 42 496 теңге;
- 5 балаға – 53 127 теңге;
- 6 балаға – 63 757 теңге;
- 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.