НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Қоғам қайраткері Арман Шораев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамынан шығудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Негізі, мен жаңа жылдың алдында Ақордаға кеңестің құрамынан шығамын деп айтқан едім. Өз орныма үш азаматтың тізімін бердім. Олардың ішінен бір адам бүгін кеңестің құрамына кірді", - деді Шораев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Шораев ұсынған адамдардың аты-жөнін жариялаған жоқ. Бірақ ұлттық кеңестегі өз миссиясын орындадым деп санайды.
"Шынымен де, ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне кіруге келісім берердің алдында бізде кәдімгідей дау да болды. Менің бір талабым болды. Соның ең маңыздысы – Мұхтар Жәкішев пен Макс Боқаевты босату. Енді, бүгін қуанып отырмыз. Мұхтар шығып жатыр. Ендігі кезек Макстікі деп ойлаймын", - дейді Шораев.
Оның айтуынша, ротацияның болғаны дұрыс. Ондай өзгерістер ұлттық кеңесте ғана емес, билікте де болуы қажет.
"Кеңестің құрамы жаңарып тұруы керек. Бұл қатып қалған бір ұйым емес қой. Басқа жігіттер де өз саласының мәселелерін көтеріп, шешімін табуы керек деп ойлаймын. Басқаларға орын бермей, отыра беруге болар еді. Мен ондай адам емеспін", - деп атап көрсетті Шораев.
Арман Шораев ұлттық кеңестің алдағы жұмысынан саяси реформаларды күтіп отыр. Сондай-ақ, митингілер туралы қазіргі заң жобасын әлі де жетілдіру керек деп санайды.
"Бізге шынайы реформалар қажет. Билік алмасып отыруы керек. Бір жерде 20-30 жыл отырған дұрыс емес. Ондай ұстаным біздің елімізді жақсылыққа апармайды. Нәтижесін өзіміз де көріп отырмыз", - деді Шораев.
Кеңес құрамы неге жаңарды
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы неге жаңарғанын түсіндірген болатын.
Президент ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту мақсатында кеңес мүшелері алмастырылғанын айтты.
Кеңестің жаңа мүшелері кім?
Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне жаңа адамдар қосылды.
Олар:
- белгілі қоғам қайраткері, мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл;
- белгілі заңгер, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов;
- қоғам қайраткері, "Мазмұндама" ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан;
- Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков;
- "Талбесік" көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі, журналист Ләззат Қожахметова;
- заңгер, "Ізгілік елшісі" республикалық еріктілер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова.
Кеңес құрамынан кімдер шығып кетті?
Ротация аясында адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, балалар омбудсмені Аружан Саин, бұрынғы бизнесмен-омбудсмен Болат Палымбетов, "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай, Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры Асқар Әміртаев ұлттық кеңестің құрамынан шығарылды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 2019 жылы 12 маусымда құрылып, оның алғашқы отырысы 2019 жылы 6 қыркүйекте өтті. Ұлттық кеңестің құрамына әртүрлі саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, жетекші қазақстандық сарапшылар кіреді.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы осы жылдың сәуірінде өтеді.