Қоғам

Министрлік Қазақстанда коронавирус анықталған жағдайда "Б" жоспарына көшеді

Денсаулық сақтау министрлігі 1 наурыздан бастап санитарлық эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің төртінші сатысына көшті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус анықталып, таралған кезде әрекет ету алгоритмін, яғни "Б" жоспарын әзірледі. Бұл туралы ведомство басшысы Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Президенттің азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында түбегейлі шаралар қабылдау тапсырмасын іске асыру мақсатында денсаулық сақтау министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанда коронавирус анықталып, таралған кездегі іс-қимыл алгоритмін – "Б" жоспарын әзірледі", - деді Біртанов үкімет отырысында.

Ол 1 наурыздан бастап денсаулық сақтау министрлігі санитарлық эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің төртінші сатысына көшкенін атап өтті.

"Бірінші санаттағы елдер қатарына Қытаймен қоса, Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Гонконг, Тайвань және Макао жатқызылды. Қытай мен  Ираннан келген азаматтар міндетті түрде 14 күнге карантинге жатқызылады, ауруханадан шыққаннан кейін қосымша 10 күн бойы медициналық бақылауда болады", - деді министр.

Ал бірінші санаттағы қалған елдерден келген (Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Гонконг, Тайвань және Макао) азаматтар тұрғылықты жері бойынша 14 күнге карантинге жабылады. Санитарлық қызметтің шешімі бойынша бұл адамдар медициналық ұйымдағы карантинге де ауыстырылуы мүмкін.

Екінші санаттағы елдерден келгендер 14 күн бойы тұрғылықты жері бойынша дәрігерлердің бақылауында болады және қосымша 10 күн қоңырау шалу арқылы қашықтан бақыланады.

Коронавирус: үкімет дәріханаларда бетперде тапшы екенін жоққа шығармады

Үшінші санаттағы елдерден келген азаматтарға дәрігерлер 24 күн бойы телефон шалып, жағдайын біліп отырады.

Біртанов жергілікті атқарушы органдар шеттен келген адамдарды мұқият бақылап отыруы керектігін ескертті.

Айта кетсек, Қазақстанда бүгінгі күні коронавирус анықталған жоқ. Үкімет басшысы Асқар Мамин індеттің таралуына жол бермес үшін әкімдіктер мен министрліктерге бірқатар тапсырма берді.