АЛМАТЫ, 2 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әйелдер күніне орай жоспарланған салтанатты жиын мен мерекелік концертті өткізбеу туралы шешім қабылдады. Бұл жайында президент Twitter-дегі парақшасында жазды.
"Халықаралық әйелдер күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында жоспарланған салтанатты жиын мен мерекелік концертті өткізбеу жөнінде шешім қабылдадым. Бұл әлемде коронавирустың таралуына байланысты қауіпсіздік шарасы үшін жасалып отыр. Ардақты аналар мен аруларға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін", - деп жазды ол.
Қытайдағы коронавирус
Соңғы мәлімет бойынша, Қытайда жаңа коронавирус жұқтырғандар саны 80 026 адамға жетті, оның ішінде 2912-і көз жұмды, 44 462 адам емделіп шықты.
Коронавирус Қытайдан бөлек әлемнің 58 еліне тарап үлгерді. Бұл елдерде қаза болғандар саны 104 адамға дейін өсті. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 7169 адамды құрап отыр.