Қоғам

"Дұрыс түсінген жоқ": Тоқаев Қордайдағы мәселе туралы айтты

Жамбыл облысының жаңа басшылығының алдына аймақтың өсіп-өркендеуін тежейтін кедергілерді жойып, халықтың әл-ауқатын арттыратын шаралар қабылдау міндеті қойылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз — Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

"Қордайда болған оқиға халқымызды дүр сілкіндірді, бүкіл әлемді елең еткізді. Шыны керек, бұл жанжал мемлекетімізге, елімізге нұқсан келтірді. Абыройымызға зияны тиді. Енді тұтас ұлт болып осындай теріс тәжірибеден сабақ алуымыз керек. Ең алдымен, келешекте мұндай қасіретті болдырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет", – деді президент.

Жамбыл облысының жаңа басшылығының алдына аймақтың өсіп-өркендеуін тежейтін кедергілерді жойып, халықтың әл-ауқатын арттыратын шаралар қабылдау міндеті қойылды.

"Қақтығыс болған жерде ешқашан, ешқандай даму болмайды. Бұл – заңдылық. Өкінішке қарай, облыс басшылары бұл заңдылықты дұрыс түсінген жоқ. Сондықтан облыс басшылары, соның ішінде құқық қорғау органдарының басшылары толығымен ауыстырылды, қызметкерлер жұмыстан босатылды. Жаңа басшылар тағайындалды. Солардың арасында Бердібек Сапарбаев бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент жаңа әкімнің тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші екенін атап өтті. Оның алдында тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою және өңірдің дамуына серпін беру міндеті тұрғанын айтты. Мемлекет басшысы тергеу жұмыстары заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін айтып, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

Тағы оқыңыз: Дүнгендер ұйымының басшысы Қордай туралы: "Мұны істеген қазақтар емес!"

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаракемер ауылының спорт кешеніне барып, жас спортшылардың жаттығу барысын көрді. Болашақ спортшыларға табыс тілеп, оларға қажетті доптар мен бокс қолғаптарын сыйға тартты.