Қоғам

Тоқаев Мұхтар Жәкішевтің ісі туралы: сот шешімі әділ болатынына сенімдімін

Семей қаласының сотында 3 наурызда Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға берген өтініші қаралады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты пікір білдірді.

"Бұл тек соттың құзыретіндегі мәселе. Мен, әрине, Жәкішевтің денсаулығына байланысты бірнеше рет мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш бергенін білемін. 3 наурызда сот отырысы өтеді. Соттың шешімін күтейік, оның әділ болатынына сенімдімін", - деді Тоқаев Informburo.kz ақпарат порталына берген сұхбатында.

Мұхтар Жәкішевтің ісі

Мұхтар Жәкішев 2009 жылдың мамыр айында ірі уран кен орындарында мемлекеттік үлесті сатты деген айыппен ұсталды. Сот процесі жабық режимде өтті. 2010 жылдың наурыз айында Жәкішев ысырап жасап, пара алғаны үшін айыпты деп танылып, 14 жылға бас бостандығынын айырылды.

2018 жылы қыркүйекте түрмедегі мерзімнің жартысынан көбі өтті. Осыған байланысты Жәкішев қарашада шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш білдірді. Алайда Семей қаласының соты 99,6 миллиард теңге мөлшеріндегі шығынды өтемегені үшін оның өтінішін қолдаған жоқ. 2019 жылдың шілдесінде сот тағы да Жәкішевтің өтінішін қанағаттандырмады.

Тағы оқыңыз: Президент Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікір білдірді

Биыл ақпан айында Жәкішев үшінші рет Семей сотына шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш берді.

2018 жылы шілде айында Жәкішевті Семейдегі ОВ-156/14 колониясына ауыстырды. Бұған дейін ол Алматы облысындағы Заречный ауылында және Қарағанды облысындағы Долинка елді мекеніндегі түрмеде отырды.

Адвокатының айтуынша, түрмеде отырған Жәкішевтің денсаулығы нашарлап кетті. Ол бірнеше ауруға душар болған. Бірақ әлі күнге дейін толыққанды медициналық тексерістен өтпепті. Бүгінде ол біраз дәрі ішіп, емделуге мәжбүр. III топтағы мүгедек туралы анықтамасы бар.