Оқиға

Дулат Ағаділдің анасы прокуратураға арыз түсірді

Осы орайда, прокурор орынбасары асығыс шешім жасамауға, сондай-ақ, жалған ақпарат таратпауға шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің анасы прокуратураға арыз түсірді. Бұл туралы қала прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгін бізге марқұм Дулат Ағаділдің анасы арызданып, отбасы рұқсатынсыз бейнежазба жасап таратқандарды жауапқа тартуды сұрады. Ол бейнежазбаның жасалғанына және оған жазылған пікірлерге қатты ашуланып отыр", - деді Қилымжанов арнайы баспасөз мәслихатында.

Осы орайда прокурор орынбасары асығыс шешім жасамауға, сондай-ақ, жалған ақпарат таратпауға үндеді.

Айта кетейік, бұған дейін желіде Дулат Ағаділдің жерлеу рәсімінен түсірілген бейнежазба тараған болатын. Авторлар мәйітті көрсетіп, комментарий жасаған.

Ағаділдің өлімі

25 ақпанда ішкі істер органдары Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қайтыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригада қызметкерлері ер адамның өлімін растады.

Ағаділ қаңтар айында сырттай айыпталушы деп танылып, оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған еді. Мұны орындамағаны үшін сот қоғам белсендісіне қатысты шараны қамауға алмастырды.

24 ақпан күні сағат 21:00-де Ағаділ үйінен тергеу абақтысына жеткізілді. Оған қатысты қылмыстық заңбұзушылық жасап, судья мен сот отырысына қатысушыларға тіл тигізгені үшін қылмыстық іс қозғалған болатын.