Оқиға

Алматыда сегіз жыл бойы іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды - видео

Аса ауыр қылмыс жасаған ер адам шамамен сегіз жыл бойы халықаралық іздеуде болған екен, дейді агенттік
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қауіпті қылмыскерді құрықтады.

"Биылғы жылдың 26 ақпанында Алматы қаласында ауыр қылмыс жасағаны үшін, атап айтсақ, адам өліміне әкелген ауыр дене жарақатын қасақана келтіргені үшін 33 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны ұсталды. Ол шамамен сегіз жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген", - деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Бүгінгі күні ол Алматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасы – "қамауға алу".

Атап өтсек, 2019 жылдың шілдесінде Қарағанды облысының прокуратурасы адам іздестіруді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қайта тапсырған болатын.