НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Тараздағы үйлену тойына барған қонақтар жаппай уланып қалды. Отыз адам дәрігер көмегіне жүгінген, сегізі ауруханаға жатқызылды.
Меймандар үйлену тойынан кейін келесі күні уланып қалды, деп хабарлады Almaty.tv.
Қонақтардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Алдын ала ішек инфекциясы деген диагноз қойылып отыр.
"Тойханадан сарқыт алып келдік. Оны балаларымыз жеді. Сондықтан балалар үйлену тойына бармаса да, ауырып қалды. Жиырмаға жуық адам уланды. Бүгін отыз адам екенін айтты", - деді қонақтардың бірі Мұхтар Шаханов.
Кейбір адамдар дәрігер көмегінсіз емделуге тырысқан. Алайда жағдайы нашарлап, ауруханаға баруға тура келді.
"Пациенттердің жағдайы ауыр болды. Қазір бәрінің жағдайы орташа. Олардың неден уланғанына қатысты нақты шешімді әлі айта алмаймыз", - деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Талғат Шымырбаев.
Тағы оқыңыз: "Мамамды шақырыңдар": Орал тұрғыны үйлену тойынан кейін бесінші қабаттан секірмек болды
Қонақтар мейрамхананы тексеруді талап етіп отыр. Арнайы сараптама жасалады.