Өңірлер

Қару-жарақ ұрланған әскери бөлімде не болып жатыр

Қаруланған сарбаз қашып кеткен Қазақстанның оңтүстігіндегі әскери бөлімге кіруді бақылау шаралары күшейтілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Қазақстанның қорғаныс министрлігі 19 ақпанда келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметші ірі көлемде қару-жарақ ұрлап, қашып кеткен әскери бөлімде бақылауды күшейту шараларын қабылдады. Бұл туралы қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, кіші сержант Абылай Балғынбай қашып кеткеннен кейін әскери бөлімде сарбаздарды даярлау және оқу-жаттығу жұмыстары штаттық режимде жүріп жатыр. Дегенмен тергеу барысында бөлімді бақылау шаралары күшейтілді.

"Қазір барлық қажетті тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Бөлім әдеттегі режимде жұмыс істеуде. Тергеу шараларын қамтамасыз ету үшін осы әскери бөлімге кіруге рұқсат беру шаралары күшейтілді", - деді министрдің орынбасары мәжіліс кулуарында.

Бақыт Құрманбаев әскери бөлімнің тәулік бойы бақыланып жатқанын, сондықтан тәртіп сақшылары ұрлыққа қатысы бар адамдарды анықтау үшін барлық жазбаны қолдана алатындығын хабарлады.

Қаруланған әскери қызметші бөлімнен қашты: жоспар қалай жүзеге асырылды?

Бұған дейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі 20 ақпанға қараған түні келісімшарт бойынша жұмыс істейтін сержант Абылай Балғымбай әскери салаға қатысы жоқ 1995 және 1996 жылдары туған екі досымен бірге 29 автомат, 28 тапанша және екі қару пышағын ұрлап кеткенін хабарлаған болатын.

Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қару-жарақ әскери бөлімнен бір уақытта шығарылмағанын растады. Ұрлық қаңтар айының соңынан ақпанның ортасына дейін жасалған.

ҰҚК мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен жедел-тергеу тобы ұрлық жасағандарды ұстап, қаруды тәркілеп алды.