Өңірлер

Қызылордалық бизнесмен жұмбақ жағдайда жоғалып кетті - видео

Ер адам күнделікті серуенге таңғы сағат бесте шыққан. Осы сәт Сырдария жағалауындағы бейнебақылау камерасына түскен. Одан кейін кәсіпкерді ешкім көрмеді
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 ақпан – Sputnik. 75 жастағы қызылордалық бизнесмен шамамен он күн бұрын жоғалып кеткен. Ол күнделікті әдеті бойынша таңертең серуенге шыққан, содан бері одан хабар жоқ, деп хабарлады Астана телеарнасы.

Туыстарының айтуынша, ол ешқашан ұялы телефонын қалдырмайды. Алайда дәл жоғалып кеткен күні телефонын үйінде тастап кеткен. Таңертең бейнебақылау камерасына ер адамның жағалау бойында жүргені түсіп қалған. Алайда арықарай қай жаққа бет алғаны беймәлім.

"Полиция, әскери қызметкерлер, еріктілердің көмегімен осы аймақты түгел аралап шықтық. Шынайы ақпарат берген кез келген адамға сыйақы береміз", - деді жоғалған бизнесменнің туысы Елтай Шілдебаев.

Туыстарының айтуынша, Тынымбай Баженов денсаулығына шағымданбаған және бизнесте қиындықтың болған-болмағаны жайлы тіс жарып ештеңе айтпаған. Ол жиһаз өндіретін компанияның иесі.

Туыстары ер адамның қайда бет алғаны жайында түрлі болжам жасап отыр. Оны көлік қағып кетіп, кінәлілер денесін қаладан алып шығуы да мүмкін дейді.

Тағы оқыңыз: Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындары жұмбақ жағдайда қаза болып жатыр

Іздеу жұмыстарына полиция, туыстары, еріктілер мен құтқарушылар қосылды. Сүңгуірлер Сырдарияның төменгі бөлігін тексереді. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, іздестіру-құтқару жұмысы күн сайын Сырдария өзенінен Талсуат ауылына дейін жалғасып жатыр.