Оқиға

Алматы тұрғыны болмашы нәрсе үшін бейтаныс жігітті пышақтап өлтірді

Ер адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілсе де, көп ұзамай көз жұмды. Ал сот үкімі әлі күшіне енген жоқ
Sputnik

АЛМАТЫ, 24 ақпан – Sputnik. Алматыда ер адам өзіне тесіліп қараған жігітке ашуланып, оған төрт рет пышақ сұққан. Жарақат алған тұрғын ауруханада көз жұмды. Кінәлі 15 жылға сотталды.

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2019 жылдың қыркүйегінде болған.

Сот ақпаратына сай, В. есімді ер адам болашақ әйелі, кішкентай қызы және досымен серуендеп жүріп, бір топ жастар жаққа көз салып өткен. Сол сәтте Ж. деген азамат та оған қараған.

Тағы оқыңыз: Елорда сауда орталығында бүлік шығарған адамды кімдер ұстады - видео

Алматы тұрғыны тоқтай қалып, одан неге сонша тесіліп қарағанын сұрайды. Жас жігіт те оған сол сұрақты қайтара қойған. Екеуінің арасында ерегіс басталып, ер адам сөмкесінен пышағын алып шығып, жігіттің кеудесіне төрт рет сұққан. Ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілсе де, көп ұзамай көз жұмды.

ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен алматылық кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.