Қоғам

Тұрғымбаев құқық қорғаушыларды дайындау саласындағы өзгерістерді жария етті

Қазіргі кезде үш академия ғана қалды, деп мәлімдеді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құқық қорғаушыларды дайындау саласындағы өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, бұрын құқық қорғаушылар арнайы жоғары оқу орындарында даярланатын. Қазіргі кезде үш академия ғана қалды. Ал жас мамандарды қатардағы университеттерден тартады. Олар 3-6 айлық курстардан өтеді. Ал дипломға дейінгі тәжірибені ішкі істер органдарында өткізеді. Сол уақытта тиісті құжаттар тапсырып, диплом алғаннан кейін бірден қызметке тұра алады.

"Бұрын басқаша болды. Университет түлегі диплом алып, үш ай бойы ішкі істер органдарында жүріп қалатын. Енді, ондай болмайды. Осылайша, біз кадрлық әлеуетімізді арттыра аламыз", - деді Тұрғымбаев сенатта өткен үкімет сағатында.

Оның айтуынша, қатардағы университеттерден бірден маман тартудың тиімділігі зор. Мысалы, жас маман казармада жатып оқымайды. Ондай оқытудың кемшін тұсы – маманның қоғам өмірінен алыстап кетуі. 

"Қазірдің өзінде біз адамды казармада жатқызып, төрт жыл бойы оқытудың кемшін тұстары бар екеніне көз жеткіздік. Ол өмірден алыстап кетеді. Қоғам ішінде не болып жатқанын білмейді. Ақпараттық технологиялар саласындағы өзгерістерден тыс қалып жатады. Иә, ондай маман саптық даярлықты және атуды жақсы біледі. Жеке дайындығы да жоғары. Бірақ ол қоғамдық өмірден қол үзіп қалады", - деп атап көрсетті Ерлан Тұрғымбаев.