НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik, Асқар Арман. Туғаннан екі қолы жоқ болса да, аяғымен сурет салып, кесте тігуге үйренді, ана болды, жеке бизнесін ашты. Sputnik Қазақстан тілшісі кәсіпкер әйелмен кездесіп, өмірдегі ең үлкен мотивациясын білген еді.
"Әрбір істе қайыр бар"
Анар Бексұлтанова Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген. Көпбалалы отбасыда жеті бала болған. Анар – бесіншісі. Анасы аяғы ауыр болып жүргенде сырқаттанып қалған. Бұның бәрі жатырдағы балаға да әсер етті.
Содан Анар басқалардан өзгеше болып туды. Дегенмен, кішкентай қыз ата-анасының тәрбиесі мен құрбы-құрдастарының қолдауы арқасында басқа адамдардан өзгеше екенін сезген жоқ. Барлық баламен бірдей сабаққа барды. Сөйтіп, мектепті де бітірді, университетке грантқа да түсті.
Анар мұғалім болуды армандайтын. Бірақ дәл осы арманына жақындағанда ауыр сынаққа тап болды. Университетте мүгедектікке байланысты сабақ беруге рұқсат берілмейтінін ескертсе де, оқуды бітіргесін ол да курстастары сияқты жұмыс іздеуге кірісті.
"Талай жерге бардым, талай есікті қақтым. Сөйтіп, маған мүмкіндік береді-ау деген бір кісіге бардым. Мен мұғалімдікті алып кете аламын, бір ай мүмкіндік беріңізші, болмаса, өзім-ақ кетемін дедім. Сол мүмкіндікті бермеді. Сен бірінші топтағы мүгедексің, жәрдемақы аласың, заң бойынша жұмыс істеуге қақың жоқ деп қайтарып жіберді. Шынымды айтсам, сол нәрсе мені жігерлендірді. Одан кейін мен ауылға қайтпадым. Қазір ойлап қарасам, әрбір істе қайыр бар", - дейді Бексұлтанова.
Жақсы сөз - жарым ырыс
Анар мұғалім қызметіне тұра алмаса да, облыстық мұражайға жұмысқа орналасты. Өзінің қарым-қабілетін дамытуға күш салды. Сурет салып, кесте тігуді қолға алды. Сөйтіп, өз кәсібін бастауға шешім қабылдайды.
"Бизнесті бастау қатты қиын болған жоқ. Қарызға ақша алып, жайлап бастап кеттік. Қасымда екі әкпем болды. Тауарға өзіміз барып жүрдік. Алдымен өзіміздің таныс-тамырлардан бастадық. Сөйтіп, адамдар бір-бірінен естіп келе берді. Бизнесті бастасаң, тұтынушылар не керек екенін өздері айтады. Солай алып кетуге болады", - деді Бексұлтанова.