НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Алматы әуежайына жақын жер учаскелерін заңсыз таратқан шенеунік қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аға тергеушісі Данияр Бекайдаровтың айтуынша, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Рысбеков қамауға алынды.
Ол үш жыл бұрын Алматы әуежайына жақын жерлерде құрылыс нысандарын салуға рұқсат берген.
Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі лауазымын асыра пайдалануға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"Ол 2017 жылы Талғар аудандық сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне атқарып жүргенде 16 жер учаскесіне құрылыс салудың сызба-нұсқасын заңсыз рәсімдеді деген күдікке ілінді. Осы құжат негізінде Жұмабаевтың атына меншік құқығы туралы құжаттар жасалды. Жалпы ауданы бір гектарды құрайтын жер учаскелері Талғар ауданының Панфилов ауылдық округінде Алматы әуежайына жақын орналасқан", - деді Бекайдаров астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Рысбеков уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Алматы түбіндегі апат
Әуе апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.
Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші пилот ауруханадан шыққаннан кейін бір жұмадан соң көз жұмды.
Үкіметтік комиссия әуе апаты себебінің алдын ала болжамын жариялады. Негізгі себеп – ұшақ сыртына мұздың қатып қалуы. Әуе кемесі тұрақта екі тәулік тұрған.
Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды.
28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болды. Бек Эйр әуе компаниясының жұмысы уақытша тоқтатылды.