Әлем

АҚШ Венесуэлаға неліктен қысым көрсетіп отыр?

Елдің мұнай саласын АҚШ салған санкциялардан қорғау мақсатында Венесуэла президенті Николас Мадуро тиісті жарлыққа қол қойды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Венесуэланың мұнай саласында АҚШ салған санкция салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Sputnik радиосының эфирінде сарапшы Алексей Зубец бұл шараны бағамдап, америкалық шектеулердің немен байланысты екендігі туралы пікір білдірді.

Елдің мұнай саласын АҚШ салған санкциялардан қорғау мақсатында Венесуэла президенті Николас Мадуро тиісті жарлыққа қол қойды.

"Мен конституциялық және президенттік жарлығыммен мұнай саласында төтенше жағдай жариялаймын. Сондықтан да елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өнеркәсіпті империалистік агрессиядан қорғау үшін шұғыл түрде қажетті шаралар қабылдауымыз қажет", - деді Мадуро мұнайшылармен болған кездесуінде. Президенттің бұл мәлімдемесі оның Twitter-дегі парақшасында жарияланды.

Сондай-ақ, РИА Новости мемлекет басшысының: "2-бап ұлттық мұнай өндіру саласын қорғау мен қайта құрылымдау жөніндегі уәкілетті президенттік комиссияны құруға мүмкіндік береді", - деген сөзін жария етті. Мадуроның айтуынша, комиссия елдегі мұнай саласын өзгерту үшін қажетті өкілеттіктерге ие.

Сейсенбі күні АҚШ Венесуэланың санкциялар тізіміне "Роснефть" құрылымы саналатын швейцариялық Rosneft Trading SA-ны қосты. Ал оның директорлар кеңесінің төрағасы Дидье Касимиро "Роснефть" компаниясының мұнай өңдеу, мұнай химиясы, сауда және логистика жөніндегі вице-президенті қызметін атқарады. Енді АҚШ өз одақтастарына, атап айтқанда Еуропадағы Венесуэла мұнайын сыртқы нарыққа жеткізді деп айыпталған Rosneft Trading-пен сауда-саттық байланысын үзуге 90 күн уақыт береді.

Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы қаржы университеті әлеуметтік-экономикалық зерттеулер институтының директоры Алексей Зубец бұл жағдай АҚШ-тағы алдағы сайлаумен байланысты деп отыр.

Тағы оқыңыз: Шоумен ел басына келді, экс-президент қамалды: 2019 жылы әлемде болған айшықты оқиғалар

"АҚШ президенті Дональд Трамп биыл қайта сайлануы керек. Ал ол АҚШ-та тұратын, республикашылдардың жақтаушысы саналатын және Орталық Американың социалистік үкіметтерін ұнатпайтын Латын Америкасы қауымдастығының қолдауына мұқтаж. Сондықтан да Трамп осы мүмкіндікті қалт жібермей, Латын Америкасының ықпалды топтарына Венесуэла үкіметінің орнынан түсуін қолдағаны үшін және өзін сайлауда қолдағаны үшін уәде етілген "сыйлығын" ұсынады. Ол үшін АҚШ Венесуэланың мұнай импортына шектеулер қояды. Бұл Венесуэла экономикасын тұншықтыру әдісі", - деді Sputnik радиосына берген сұхбатында Алексей Зубец.

Оның айтуынша, Венесуэла кез-келген жағдайда мұнай секторын реформалауды қажет етеді.

"Бүгінде Венесуэла үкіметінің алдында мұнай өндіру кешенін тиімді жұмыс көрсеткіштеріне жеткізу міндеті тұр. Өйткені олар соңғы кездері бұл бағытта жақсы жұмыс жүргізе алмады. Сауд Арабиясымен салыстырғанда оларда мұнай қоры көп, бірақ бұл мұнай ауыр және оны өндіру шығындары да өте үлкен", - деді Алексей Зубец.

2019 жылдың 21 қаңтарында Венесуэла президенті Николас Мадуро ант бергеннен кейін ел ішінде жаппай наразылық басталды. Оппозиция бақылауындағы ұлттық ассамблея жетекшісі Хуан Гуаидо өзін-өзі мемлекеттің уақытша басшысы деп жариялады. Ал оны Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары бірден мойындады. Ресей, Қытай, Түркия мен басқа да бірқатар ел Мадуроны заңды президент ретінде қолдады.